Астанадағы автобус апаты: вице-министр жәрдемақыға қатысты айтты

10 маусым, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Астанадағы автобус апаты: вице-министр жәрдемақыға қатысты айтты
фото: видеодан алынған кадр

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай елордада автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған қыздың мемлекет тарапынан қандай жәрдемақы алатынын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Вице-министрдің сөзінше, сегіз жасар қызға мүгедектік бойынша жәрдемақы тағайындалады.

«Медициналық көмек және реабилитация процедуралары аяқталғаннан кейін, яғни балаға мүгедектік белгіленген соң республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Оның мөлшерін нақты айта алмаймын. Себебі ол еңбекке жарамдылық қабілетінің жоғалу дәрежесіне байланысты болады. Сонымен қатар қыздың анасына мүгедек балаға күтім жасауға байланысты жәрдемақы төленуі мүмкін», - деді Виктория Шегай баспасөз мәслихатында.  

Еске сала кетейік, 2 маусым күні елордада Республика даңғылы бойында жолаушылар автобусы жол жиегіндегі бағанаға соғылды.

Жол апаты салдарынан жедел медициналық жәрдем бригадалары қала стационарларына барлығы 15 адамды жеткізді. Оның ішінде 8 жасар қыздың аяғына ампутация жасалды. 

Қыздың отбасына қалалық әкімдік тарапынан баспана берілетін болды.