«Ең бірінші жақсы адам болуға тырысамын»: танымал киноактриса Алтынай Нөгербекпен сұхбат


Өнерсүйер қауымға «Астана – менің жүрегім», «Анаға апарар жол» фильміндегі ананың рөлімен танымал болған Алтынай Нөгербек Elordainfo.kz тілшісіне балалық шағы мен өмірлік жолы туралы сұхбат берді.
– Өнер адамдарының арасында елге танылғаннан кейін «жұлдыз» ауруына шалдығып жатады дегенді естиміз. Сізде мұндай жағдай болды ма?
– Меніңше, жұлдыз ауруымен ауру – өте таяз адамның ісі. Шынымды айтсам, мен жұлдыз ауруымен ауырған емеспін. Ата-анамнан естігенім, білгенім, көргенім бойынша айтарым, ешқашан көкірек керуге болмайды. Қандай ортада болсын, кішіпейіл болған дұрыс. Марқұм ұстазымыз Әшірбек Сығай «Айналайындар, жақсы әртіс болмай-ақ қойыңдар, ең бастысы жақсы адам болыңдаршы» деп айтушы еді. Мен ең бірінші жақсы адам болуға тырысамын. Жақсы адам – мәдениетті әрі білімді адам.
– Отбасылық өміріңіз туралы айтып беріңізші...
– Мен өте жақсы ана болуға тырысамын. Ең біріншіден, балаларыммен дос болғым келеді. Олар «менің анам - менің досым» десе, ішкі күйзелістерін айта білсе, сыр бөлісе алатын болса, демек мен жақсы анамын. Мысалы, біздің үйде балаларым бір жерге бару керек болса, жағдайын маған айтады. Әкесіне мен жеткіземін. Бәлкім, біреуге күлкілі көрінетін шығар, бірақ маған осы нәрсе ұнайды. Жалпы мені де әке-шешеміз осылай тәрбиелеп өсірді. Сол тәрбиені қазір балаларымызға көрсетіп отырмыз. Одан жаман болған жоқпыз. Керісінше әкемізге құрметіміз одан сайын артты. Әкеміз де ғажап адам болды ғой. Мен өзімді бақытты адам санаймын. Өйткені бала күнімнен отбасымда сондай үлкен махаббатқа қанып өстім. Үйдегілердің барлығы мені еркелетті. Қазір жолдасым екеуіміз де сол бақытты балаларымызға бергіміз келеді. Бастысы оларға үнемі қолдау көрсететінімізді айтып отырамыз.
– Сынға көзқарасыңыз қандай?
– Отбасым мен жақындарымның пікірі мен үшін маңызды. Анам премьераларға барып, бағасын беріп тұрады, ол маған құнды кеңес береді. Қалай дегенмен де ол кісі кәсіби маман, сыншы ғой. Ал сыншының сынын есту кәсіби маман үшін маңызды. Тіпті, ол құрмет деп айтар едім. Оған мен ешқашан ренжіген емеспін. Менің өмірімде осыған қатысты бір оқиға болған. «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымына дайындық үстіндеміз. Режиссеріміз – Әзірбайжан Мәмбетов. Репетицияда шамам келгенше ойнап жатырмын. Бір күні репетицияда режиссер маған қатты ұрысты. Содан көңілкүйім түсіп, бір орында отырып қалыппын. Ал қалғандары кетіп қалған. Содан бір кезде басымды көтеріп қалсам, режиссеріміз қасыма келіп тұр. Ол сәл күліп, «уайымдап тұрсың ба?» деді. «Иә» дедім. Сол кезде Әзірбайжан Мәмбетов «Біреу сын айтса, оған қуану керек. Демек жұмыс істеу керек. Ештеңе айтпаса, онда уайымдау қажет» деді. Осы сөзден кейін көңілкүйім көтеріліп, үйге қайттым. Сондықтан айтылған ескертпелерге ешқашан ренжімеймін. Керісінше қуанамын. Ал ештеңе айтпаса, онда уайымдаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет!