Республикалық Shymkent sazy ән байқауында бас жүлде астаналық әншіге бұйырды
Шымкент қаласында алғаш рет республикалық деңгейде өткен Shymkent sazy атты ән байқауында Астананың Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының солисі Айдын Жұмабай бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Байқау 3 кезеңнен тұрды. Бірінші турда видео арқылы еліміздің композиторларының әндерін орындадық. Екінші турда Кеңес Дүйсекеевтің «Өкінбек сен» әнін айттым. Ал соңғы шешуші кезеңде шетелдік композитор Хоги Кармайклдың ағылшын тілінде Georgia on my mind әнін айтып, бас жүлдені иелендім. Байқауды Шымкент қаласы әкімдігі ұйымдастырды. Ол өте жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз», - деді байқаудың жеңімпазы Айдын Жұмабай.
Байқаудың мақсаты – ұлттық музыканы насихаттап, жас орындаушыларға кәсіби сахнада танылуға мүмкіндік беру.
Қазылар алқасының құрамында еліміздің танымал өнер қайраткерлері болды. Олардың қатарында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші-сазгер Жеңіс Сейдоллаұлы, эстрада жұлдызы Жанна Орынбасарова, белгілі әнші Ерназар Мэлсұлы, «Қаған» этнофольклорлық ансамблінің негізін қалаушы Нұрболат Әмірханұлы және ҚР мәдениет қайраткері Аманбай Берғалиев бар.
Айта кетейік, онлайн іріктеуге барлық өңірден 63 жас өнерпаз қатысты. Олардың ішінен 21 талантты орындаушы финалдық кезеңде бақ сынады. Қатысушылар шетелдік, Қазақстан мен оңтүстік өңір композиторларының шығармаларын орындады.
Бұған дейін «Жас сарбаз» балалар студиясының тәрбиеленушісі «Голос. Дети» байқауында үшінші орын алғанын жаздық.