Елде құрылыс жұмыстарының көлемі 13,4%-ға өсті
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 2,4 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,4%-ға ұлғайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Өсім негізінен ғимараттар салу көлемінің 41,2%-ға артуы және құрылыс пен жөндеу жұмыстарының көбеюі есебінен қамтамасыз етілді.
Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінде автомобиль жолдары, теміржолдар мен метро құрылысының үлесі 26,3%-ды құрады. Сондай-ақ тұрғын емес ғимараттар құрылысы - 20,4%, тұрғын үйлер құрылысы 11,9% болды.
«Ел бойынша құрылыс жұмыстарының басым бөлігін жеке құрылыс ұйымдары орындады. Олардың үлесі 87,9%-ға тең. Шетелдік компаниялар 11,4%, ал мемлекеттік ұйымдар 0,7% құрылыс жұмысын жүзеге асырды», - делінген бюро таратқан хабарламада.