Астанада халықаралық туристік форумы басталды

Астанада халықаралық туристік форумы басталды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Кеше Астанада Kazakhstan Travel Forum «САЯХАТ 2026» басталды. Биылғы форум Қазақстанның 15 өңірі мен әлемнің 13 елінен келген туризм саласының өкілдерін біріктірді. Үш күнге жоспарланған форум аясында отандық және шетелдік мамандар тәжірибе алмасып, туристік бағыттарды таныстырып, саладағы өзекті мәселелерді талқылайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Форумның алғашқы күні қатысушыларды елорданың туристік әлеуетімен және инфрақұрылымымен таныстыруға арналды. Қонақтар үшін қала бойынша екі экскурсиялық автобуста шолу экскурсиясы өтті. Бағыт Wyndham Garden Astana қонақүйінен басталып, «Хан Шатыр», «Бәйтерек» монументі, Тәуелсіздік алаңы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Астана қаласының Бас мешіті және Қазақстан теміржолдары музейін қамтыды.

Бағдарлама барысында форум қонақтары TARLAN ASTANA-мен де жүріп, елорданың жаңа қоғамдық көлік түрімен және көлік инфрақұрылымымен танысты.

Сонымен қатар Астана қонақүйлері бойынша инфотур өтті. Қатысушылар Ibis, Rixos President Astana, The St. Regis Astana, Astana Resort және Wyndham Garden Astana қонақүйлеріне барып, олардың нөмірлік қорымен, қызмет көрсету деңгейімен және туристер мен делегацияларды қабылдау мүмкіндіктерімен танысты.

«Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы» ЖШС Инфрақұрылым және іс-шараларды қолдау департаментінің директоры Саят Оразтайдың айтуынша, форумның алғашқы күнін осындай форматта өткізу қатысушыларға Астананың туристік мүмкіндіктерін тікелей көруге жағдай жасайды.

«Форумға Қазақстанның әр өңірінен және шетелден туризм саласының өкілдері келіп отыр. Сондықтан алғашқы күнді елорданың туристік нысандарын, көлік жүйесін және қонақүй инфрақұрылымын таныстыруға арнадық. Қатысушылар қаланы аралап, негізгі нысандарды көріп, TARLAN ASTANA арқылы жүріп, қонақүйлердің мүмкіндіктерімен танысты. Бұл Астананың туристік бағыт ретіндегі әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді», — деді Саят Оразтай.

Форумның негізгі іскерлік бағдарламасы бүгін EXPO халықаралық көрме орталығында жалғасады. Мұнда форумның ресми ашылуы өтіп, көрме, панельдік сессиялар, B2B кездесулер, интерактивті алаңдар ұйымдастырылып, меморандумдарға қол қою рәсімдері қарастырылады.

Саят Оразтай форумның іскерлік бөлігі туризм саласындағы мамандар үшін кәсіби байланыс орнатып, жаңа бағыттар мен туристік өнімдерді талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Биылғы форумның басты ерекшеліктерінің бірі — туризм саласының әртүрлі бағыттарын бір алаңда біріктіруі. Мұнда жауапты бизнестің дамуынан бастап, туристік нарықтағы жаңа өнімдер мен саяхат форматтарына дейінгі мәселелер қарастырылады. Әсіресе технология, сенім және жаңа сату алаңдары секілді тақырыптар қазіргі туризм индустриясы үшін маңызды. Мұндай талқылаулар сала өкілдерінің тәжірибе алмасуына және өзара байланысын нығайтуына мүмкіндік береді», — деді ол.

Форумға Қазақстанның ірі туроператорлары мен турагенттіктері, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген туристік компаниялар, әуе компаниялары, ұлттық туристік ведомстволар, халықаралық қонақүй өкілдері, қауымдастықтар мен DMC агенттіктері қатысуда.

Kazakhstan Travel Forum САЯХАТ 2026 бағдарламасы 19 қыркүйекте де жалғасады. Үшінші күні Орталық қалалық саябақта қалалық жүгіру, туризм фестивалі, спорттық бағдарлау, балаларға арналған шаралар, гастрономиялық фестиваль және қала бойынша гастротур ұйымдастырылады.