Астанада экология, жануарларды қорғау және төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету бағыттарында жүзеге асырылған волонтерлік жобалардың қорытындысы жарияланды. Елімізде гранттық қолдау алған 30 бастама аясында бірқатар экологиялық және әлеуметтік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық волонтерлік желісі өткізген баспасөз конференциясында жобалардың нәтижелері таныстырылды. Олар Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» ұйымдастыруымен іске асырылған.
Шағын гранттар байқауына еліміздің барлық өңірінен 210 өтінім түсіп, іріктеу нәтижесінде үш бағыт бойынша 30 жобаға қолдау көрсетілген.
Экологиялық волонтерлік бағытындағы жұмыстар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жүргізілді. Еріктілер қоғамдық орындар мен су айдындарын қоқыстан тазартып, мектептерде экоклубтар құрды.
Атап айтқанда, Алакөл жағалауынан 23 тоннадан астам қоқыс жиналды. Сонымен қатар 13 өңір мен қалада экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Жануарларды қорғау бағытында панажайларға көмек көрсету және үй жануарларына жауапкершілікпен қарауды насихаттау жұмыстары жүргізілді. «Қыста құстарға көмектес» акциясы 20 өңірді қамтып, волонтерлер құстарға бір тоннадан астам жем берді.
Сондай-ақ панажайдағы жануарларға жаңа иелерін табуға көмектесетін «Найди друга» Telegram-боты қолданылды.
Ал төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету бағыты бойынша мобильді волонтерлік топтарды даярлаудың бірыңғай бағдарламасы аясында 2 мыңнан астам адам оқудан өтті.
Бұдан бөлек, судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, мүгедектігі бар адамдарды қауіпсіз жерге көшіру және шұғыл қызмет мамандарына психологиялық қолдау көрсету бойынша іс-шаралар өткізілді.
Жобалар аясында халықаралық ынтымақтастыққа да көңіл бөлінді. Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь және Ресей волонтерлерінің қатысуымен бірлескен экологиялық акциялар ұйымдастырылды.
Бұған дейін елімізде белсенді волонтерлер саны 300 мың адамнан асқанын жазған едік.