Елімізде облигацияларға кепілдік беру қоры құрылуы мүмкін

Елімізде облигацияларға кепілдік беру қоры құрылуы мүмкін
Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Қазақстанда облигацияларға кепілдік беру қорын құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл мәселе Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мен Азия даму банкінің вице-президенті Инмин Янгтың кездесуінде талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар қаржы нарығын дамыту және табиғи апаттар тәуекелдерін қаржыландыру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.

Атап айтқанда, Қазақстанда табиғи апаттардан сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары сөз болды. Бұл бағыттағы бастамалар Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкінің қатысуымен жүзеге асырылып, азаматтардың тұрғын үйлерін сақтандырудың әлеуметтік бағдарланған міндетті жүйесін қалыптастыруды көздейді.

Сонымен қатар тараптар исламдық қаржыландыруды дамыту, облигациялар нарығын жетілдіру және өңірлік капитал нарықтарын интеграциялау мүмкіндіктерін талқылады.

Агенттік қаржы нарығы мамандарының біліктілігін арттыру бағдарламаларын жалғастыруға, сондай-ақ халықаралық стандарттарды үйлестіруге мүдделі екенін білдірді.

Кездесу қорытындысында тараптар облигацияларға кепілдік беру қорын құру және дамыту бағытындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету мерзімі ұзартылғаны хабарланды.