Қазақстандық дәрігерлер Бішкекте бірнеше күрделі операция жасады
Қазақстандық травматологтар мен ортопедтер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің академик Н.Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының мамандары Қырғыз Республикасындағы Қазақстан медицинасы күндері аясында Бішкек қаласында 10 бірлескен операция жасап, 50 пациентке консультациялық көмек көрсетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бірқатар заманауи хирургиялық араласулар алғаш рет Бішкек қаласының Жедел медициналық көмек клиникалық ауруханасының базасында орындалды.
«Қазақстандық дәрігерлер клиника мамандарымен бірлесіп төрт операция жасады. Олардың қатарында жамбас-сан буынын эндопротездеу, омыртқаны транспедикулярлық фиксациялау, сан сүйегіне деротациялық остеотомия жасау және кеуде қуысының воронка тәрізді деформациясын хирургиялық жолмен түзету оталары бар.
Кейін тағы алты операция жасалды. Оның ішінде омыртқаның бел бөлігінің сынықтары мен дегенеративті өзгерістері кезінде жүргізілетін хирургиялық араласулар, тізе және жамбас-сан буындарын эндопротездеу, сондай-ақ тізе және тобық буындарына жасалған ортопедиялық операциялар бар», - делінген хабарламада.
Практикалық бағдарлама бөлімшелерді бірлесіп аралауды және клиникалық жағдайларды талқылауды қамтыды. Мамандар сынықтарды, омыртқа және тірек-қимыл аппараты ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылады.
Ақтау қаласының жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының екі азаматына ерекше көңіл бөлінді. Олар жол-көлік оқиғасына Қырғызстан аумағында ұшыраған.
Академик Н.Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының басшылығымен оларды санитариялық авиация арқылы Астана қаласына жеткізу туралы келісім жасалды.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық дәрігерлер Қырғызстанда екі күрделі жатырішілік емшара жүргізді.