Әрбір емделуші қандай дәрілердің ақысыз берілетінін, оларды қайдан және қашан алуға болатынын білуі тиіс – Бектенов

Бүгін, 11:59
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Әрбір емделуші қандай дәрілердің ақысыз берілетінін, оларды қайдан және қашан алуға болатынын білуі тиіс – Бектенов
Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ақысыз дәрілік заттарды алудың ыңғайлы және түсінікті тәртібін қамтамасыз ету, сондай-ақ препараттардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту қажеттігіне назар аударды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Сондай-ақ дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін баса назарда ұстаған жөн. Емделушілер дәрі-дәрмектердің сапасына толықтай сенімді болуға тиіс. Кейбір препараттардың жағымсыз кері әсері туралы азаматтардың шағымдарын Денсаулық сақтау министрлігі үнемі қадағалап отыруы керек», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы қадағалау өкілеттіктері келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап кеңейтілетіні атап өтілдлі. Министрлік осы өкілеттіктерді жүзеге асыруға 100% дайындықты қамтамасыз етіп, заңбұзушылықтарды жедел анықтау үшін өнімді таңбалау жүйесін пайдалануы қажет.

«Ақысыз дәрімен қамтамасыз ету жүйесіне де ерекше назар аударыңыздар. Бұл, бірінші кезекте, үздіксіз ем қабылдауды қажет ететін созылмалы аурулары бар азаматтар үшін аса маңызды. Дәрілік заттарды алудың түсінікті әрі ыңғайлы тәртібін қамтамасыз ету керек. Әрбір емделуші қандай дәрілердің ақысыз берілетінін, оларды қайдан және қашан алуға болатынын, қиындық туындаған жағдайда қайда жүгіну керектігін білуге тиіс. Сондай-ақ үйреншікті дәріні басқа өндірушінің өніміне алмастырған жағдайда, оның себептері мен қолдану тәртібін қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу қажет. Бұл әсіресе, ұзақ уақыт немесе тұрақты емделуді қажет ететін балалардың ата-аналары үшін маңызды. Ақпараттың аз болуы мен әкімшілік рәсімдер ауыр науқастар үшін кедергіге айналмауға тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі осыны негізгі қағида ретінде басшылыққа алсын», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысы барысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің цифрлық тетіктерін одан әрі жетілдіре түсуге назар аударды.

«Бүгінде электрондық рецептілерді қолдану мен дәрілік заттардың берілуін цифрлық растау аясы айтарлықтай кеңейіп келеді. Яғни, “Әлеуметтік әмиян” арқылы қамтамасыз ету үлесі 80%-дан асты. Бұл тетікті одан әрі жетілдіре түсу керек. Ол дәрілік заттардың есебін жүргізіп қана қоймай, емделушінің өзіне тиесілі дәріні нақты алуына да кепілдік береді.

Сондай-ақ дәрі-дәрмек тапшылығын алдын ала анықтап, медициналық ұйымдар арасында препараттарды тез арада қайта бөлу және сол арқылы емдеу ісінде үзілістерді болдырмау өте маңызды. Сатып алынған дәрілік заттар бола тұра, емделушілердің оларды уақтылы ала алмауы немесе өз қаражатына сатып алуы сияқты жағдайларға жол беруге болмайды», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бұл бағытта цифрландыру қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп отыр. 2024 жылдан бастап енгізілген таңбалау жүйесі дәрілік заттардың қозғалысын қадағалауға, қалған көлемді бақылауға, бұзушылықтар мен жекелеген өнімдердің тапшылығын анықтауға мүмкіндік береді.

Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне:

- емделушілерге берілгенге дейін дәрілік заттардың қозғалысына толық цифрлық мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді;

- шекті бағалардың сақталуына бақылауды күшейтіп, қаржы жымқыру әрекеттеріне қатаң тосқауыл қоюды;

- ақысыз беруге арналған дәрілерді заңсыз сатудың алдын алу үшін оларды таңбалау тетігін пайдалануды тапсырды.

«Емделушілерді толықтай қамтып, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз еткен жөн. Науқас адам өзіне қажетті дәрі-дәрмекті міндетті түрде әрі дер кезінде алуы керек. Бұл жұмыстың басты нәтижесі де – осында», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еске салсақ, 2027 жылға арналған дәрі-дәрмектің 84 пайыздан астамы сатып алынды.