«Соңғы аялдама»: сахнадан айтылған ескерту


Астана қаласы «Жастар» театрының сахнасында «Соңғы аялдама» атты әлеуметтік трагедия жанрындағы қойылым көрермен назарына ұсынылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қоғам үшін аса өзекті тақырып - есірткіге тәуелділік мәселесін көтеретін бұл қойылым Рахымжан Отарбаевтың 2000 жылдары жазған «Нашақор жайлы новелла» пьесасының желісімен сахналанды. Арада ширек ғасыр өтсе де, көтерілген мәселе әлі де өзекті болып табылады.
Қойылымды қазіргі заманға бейімдеп, бүгінгі жастардың тілімен қайта жандандырып отырған режиссер - Нұрфат Вахитов.
“Бұл - тек кейіпкердің ішкі күйзелісін көрсету емес, бүтін бір әлеуметтік трагедияны жеткізу. Есірткі мәселесі уақыт өткен сайын түрленіп, күрделеніп барады. Біз осы шындықты жастардың өз тілімен айтып, олардың санасына әсер етуді көздедік. Бұл жолы сахнадан жай сөз емес, жан дауысы айтылып тұр”, - дейді режиссер.
Оның айтуынша, қойылым мәтініне жастар жиі қолданатын сөздер мен жаргондар енгізілген. Осы арқылы қойылым жас көрерменнің өміріне жақындатылып, олардың ішкі әлеміне әсер етуге тырысқан.
Шығарма Астана қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен қалалық Мәдениет басқармасының бастамасымен жүзеге асырылуда. Қойылым «Астана – есірткісіз қала» атты қалалық жоспар, “Заң мен тәртіп” қағидасы мен 26 маусым – Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне арналған профилактикалық айлық аясында өтуде.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы бұл бастаманың аясында тек дәстүрлі түсіндіру жұмыстары емес, өнер арқылы да жастарға әсер етуді көздейтін шаралар қолға алынғанын айтты.
“Бұл - біздің ведомствоаралық штабтың бастамасымен қолға алынған жобалардың бірі. Мақсатымыз - профилактикалық жұмыстарды тек мектептерде немесе дәрістер түрінде ғана емес, шығармашылық формада да жүргізу. Театр - соның ең тиімді тәсілдерінің бірі. Қойылым арқылы есірткіге тәуелді адамдардың күйін, оның салдарын, психологиялық және әлеуметтік зардабын актерлердің ойыны арқылы жеткізуді ұйғардық. Бұл жолы қойылым қазақ тілінде өтуде. Бұған дейін орыс тілінде «Независимые» спектаклі қойылып, оң бағасын алған болатын”, - дейді ол.
Әлия Қибатқызының айтуынша, жобаға қала басшылығы, құзырлы органдар және медиа тұлғалардан құралған Нашақорлықтың алдын алу кеңесінің мүшелері жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Сонымен қатар спектакльге белсене қатысқан театр ұжымына арнайы алғысхаттар да табысталды.
Қойылымнан кейін Кәмшат Тұрсынбек есімді көрермен ерекше әсер алғанын жеткізді:
“Шынымды айтсам, ауыр тақырып қозғалды. Бірақ жеткізу тәсілі түсінікті әрі әсерлі болды. Осындай қойылымдардың көбірек болғаны дұрыс деп ойлаймын”.
Аяна ҚАБЫЛБЕКОВА