Астанада жұмыс беруші қызметкеріне 800 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты жұмыс берушіден моральдық зиян және еңбекке қабілеттілігінен айырылғаны үшін өтемақы өндіру туралы істі қарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қала тұрғыны қызметтік міндеттерін атқару кезінде өндірістік жарақат алып, ауруханаға түскен.
«Өндірістегі жазатайым оқиға туралы актпен, оқиға мен еңбек қызметі арасындағы байланыс расталды. Бұл ретте тараптардың кінәсі тең бөлінеді: 50%-ы жұмыс берушінің жауапкершілігінде, ал 50%-ы қызметкердің кінәсі. Жұмыс беруші талап қоюшы емделу кезеңінде еңбекке қабілеттілігін жоғалтқаны үшін 1,2 млн. теңгеден астам өтемақы төлеген. Алайда, кәсіби еңбек қабілетін жоғалту дәрежесі туралы медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысының болмауына байланысты сот талап қоюдың аталған бөлігін қанағаттандырудан бас тартты», - деп көрсетті Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты.
Дегенмен, сот жұмыс берушіден 800 мың теңге моральдық зиян өндірді. Өтемақы мөлшерін анықтау кезінде істің мән-жайы және талап қоюшының моральдық азап шегу дәрежесі, дәрі-дәрмек алуға және еңбекке уақытша қабілетсіздік өтемақысын өз еркімен төлеуі ескерілді.
Соттың шешімі заңды күшіне енді.