Зулфухар Ғайыпов: Елге қайтарылған қаржы есебінен Астана қаласында 24 жайлы мектеп салынады

Зулфухар Ғайыпов: Елге қайтарылған қаржы есебінен Астана қаласында 24 жайлы мектеп салынады
Фото: Зулфухар Ғайыповтың жеке архивінен

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Басқару институтының директоры, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Ұлттық Құрылтай мүшесі Зулфухар Ғайыпов заңсыз активтерді мемлекетке қайтару жұмыстарының жүзеге асырылу барысын және қайтарылған қаржы қайда жұмсалатыны туралы айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Спикер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару ісі қолға алынғанын еске салды. Оның пікірінше, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жемісін беріп, заңсыз активтерді мемлекетке қайтару жұмысы өз деңгейінде жүріп жатыр.

Аталған жұмысты жүйелі, табанды түрде жүргізу түшін Парламент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылдады және арнайы қор құрылды. Оған Президент қол қойды. Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган (Бас прокуратура ведомствосы) жүзеге асырады.

«Арнаулы мемлекеттік қор – еліміздің Бюджет кодексіне сәйкес Қаржы министрлігінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жобаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның шығыстарын қаржыландыру мақсатында қаражаттың түсімдері мен шығыстарын есептеу үшін  ашылған.

Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты әлеуметтік жобаларды, денсаулық сақтау, білім беру, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын, мүгедектігі бар адамдарды, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, ауыл жастарын, жұмыссыздарды, моноқалалар, ауылды жерлердегі халықтың қажеттілігі үшін коммуналды және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылым нысандарын дамытуға арналған жобалар мен Үкімет белгілеген өзге де жобаларды, сондай-ақ экономикалық жобалар мен маңызды салаларды нығайтып, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін қажетті өндірістерді құруға (жаңғыртуға) байланысты жобаларды қаржыландыруға жұмсалуда. Мысалы, тек Астана қаласында осындай елге қайтарылған қаржы есебінен 24 жайлы мектеп салынады.  Жалпы, Президент тапсырмасын орындау аясында мемлекетке заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару есебінен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру  жұмысы жалғасын табуда», - деді Зулфухар Сұлтанұлы.