Жүргізуші куәлігін беру талаптарын қатаңдату керек – депутат
Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевке жолдаған депутаттық сауалында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүргізуші куәлігін беру жүйесіне қатаң өзгерістер енгізу қажеттігін ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Депутат әлем елдерінің тәжірибесін зерттеп, Қазақстанда жүргізуші куәлігін беру процесіне реформалар енгізу керектігін атап өтті. Ол автомектептердің лицензиялануын қайта қарау, автодромдарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және мектептерде жолда жүру ережелерін үйрету маңызды екенін айтты.
«Автомектептерге лицензия беруді қайта қарау және олардың жауапкершілігін арттыру керек. Жүргізушілердің көп рет жол ережесін бұзуы анықталса, мұндай мекемелердің лицензиясын қайтарып алу тәжірибесін енгізу маңызды», – деді депутат.