00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Наурызбай қажы Тағанұлы бас мүфти болып қайта сайланды

26 желтоқсан, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Наурызбай қажы Тағанұлы бас мүфти болып қайта сайланды
Фото: muftyat.kz

Бүгін Астанада өткен Қазақстан мұсылмандарының Х құрылтайында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти лауазымына Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасы ұсынылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Құрылтайға жиналған 300-ге жуық делегат осы кандидатураға бірауыздан дауыс беріп, қолдау көрсетіп, Наурызбай қажы Тағанұлын Бас мүфти лауазымына қайта сайлады.

«Құрылтайға еліміздің әр облысынан келген 300-ге жуық делегат менің кандидатурама дауыс беріп, сенім білдіріп, Бас мүфти лауазымына қайта сайлады. Бұл сенімді абыроймен ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жоспарлап отырған бірқатар жұмыстарымыз бар. Мәселен, алдағы 2025 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дербес мүфтият болып құрылғанына 35 жыл толады. Мерейтой аясында жоспардағы көптеген игі істерді жұрт болып жұмылып, халық болып бірігіп атқаруға баршаңызды шақырамын», - деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти. 

Айта кетейік, Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти лауазымына екінші рет сайланып отыр.

Наурызбай қажы Тағанұлы Өтпенов

1977 жылдың 13 наурызында дүниеге келген.

Білімі:

1993-1997 жылдары Ташкент қ. «Имам Әл-Бұхари» атындағы Ислам институтында оқып жоғары діни білім алған.

1999-2001 жылдары ҚМДБ жанындағы Ислам институтында оқыған.

2009 жылы Мысыр Араб Республикасында діни білімін жетілдірген.

2010 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің «Тарих» мамандығы бойынша сырттай оқып, жоғары білім алған.

2011-2013 жылдары аталған университеттің «Дінтану» мамандығы бойынша магистратурасын бітірген.

2017-2020 жылдары «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша PhD доктор дәрежесін қорғады.

Еңбек жолы:

1997-2006 жылдары Республикамыздың түрлі мешіттерінде имамдық қызметтерді атқарумен еңбек жолын бастаған. 

2006-2011 жылдары ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкілі, Қарағанды қалалық №1 орталық мешітінің Бас имамы.

2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі басқарманың Бас сарапшысы.

2013-2018 жылдары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы.

2018 жылдың шілде-қазан айлары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы, Түркістан облысы бойынша өкіл имамы.

2018 жылдың қазан айынан бастап ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы.

2020 жылдың 7 ақпанында Астанада өткен Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ІХ құрылтайында Бас мүфти болып сайланды.

2024 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан мұсылмандарының Х Құрылтайында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти лауазымына қайта сайланды.