00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Биыл айналымнан 1 мыңнан астам жалған банкнот тәркіленді

13 қараша, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Биыл айналымнан 1 мыңнан астам жалған банкнот тәркіленді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қаржылық мониторинг агенттігі жалған шетел валютасын өткізу фактілерінің жиілеп кеткені жайлы мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мәселен, Алматы қаласында жалған 100 долларлық купюраларды сатумен айналысқан тұлғалар тобы анықталды. Қылмысқа қатысушылардың бірінің тұрғылықты жерін тінту барысында 149 дана (14 900 АҚШ доллары) жалған доллар табылды. Құқық бұзушылар ұсталып, сот оларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында ҚМА полициямен бірлесіп жалған валютаны өткізу фактісі анықтады.

«Бір топ адам Орал қаласындағы лотерея клубтарының бірінде жалған 25 000 АҚШ доллары мен 10 000 евро өткізген деп күдікке ілінді. Күдіктілер бәс тігу мақсатында бұл қаражатпен шоттарын толықтырған. Жалған ақшаны сатушыға қатысты соттың санкциясымен «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды», - деп жазылған хабарламада.

Жыл басынан бері Қазақстан аумағында айналымнан 1 060 жалған банкнот тәркіленді, оның ішінде ұлттық валютада 647 000 теңге сомасына 141 дана, 90 400 АҚШ долларына 905 купюра, 2 000 еуроға 4 купюра, 1 000 юань сомасына 10 купюра.

«Алынған жалған банкноттардың жалпы сомасы 43 млн теңгеден асады. Жалпы, биыл  жалған купюраларды жасап, өткізгені үшін 8 адам 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды», - деп жазылған хабарламада.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға сақ болуды ескертеді.

«Құрметті азаматтар!  Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болмас үшін жақсы бағам бойынша айырбастауды ұсынса да, бейтаныс адамдарға ақша айырбастамаңыз және валютаны делдалдардан сатып алмаңыз. Егер сіз жалған купюраны тапсаңыз, оны сатуға тырыспаңыз. Жалған банкноттар табылған жағдайда дереу ҚМА-ның аумақтық департаменттеріне жүгінуге шақырамыз. Егер сіз экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жайлы білсеңіз, «АФМ Insider» телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі», - деп жазылған хабарламада.