Қазақстан ИСЕСКО тізіміне ұлттық мұраның 10 элементін енгізуге құжат әзірлеп жатыр
Қазақстандық қоғамдық даму институты екі жылдан бері Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұрасын сақтау, дәріптеу және халықаралық деңгейде ілгерілету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Биылғы негізгі бағыттардың бірі – Қазақстанның материалдық емес мәдени мұра элементтерін ИСЕСКО-ның тізімдеріне енгізуге арналған номинациялық досьелерді әзірлеу. Бұл жұмыс қазақ халқының бірегей дәстүрлерін халықаралық деңгейде танытуға, кеңінен насихаттауға, сондай-ақ оларды сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
ИСЕСКО тізіміне ұсыну үшін мынадай материалдық емес мәдени мұра элементтері іріктелді:
– алтыбақан – дәстүрлі ойын әрі халықтық сауық-сайран түрі;
– бата беру – ақ тілек пен ізгі ниет білдіру дәстүрі;
– бәйге – дәстүрлі қазақ ат жарысы;
– бесік жыры – қазақтың бесік жырын айту дәстүрі;
– жарапазан – Рамазан айында орындалатын дәстүрлі ғұрыптық жыр айту дәстүрі;
– жеті ата және шежіре тарқату – қазақтың дәстүрлі ата-тек тарату мәдениеті;
– кимешек – қазақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімін әзірлеу және кию дәстүрі;
– құрақ құрау – дәстүрлі құрақ тігу өнері;
– сал-серілік – қазақ халқының музыкалық-ақындық және орындаушылық өнер дәстүрі;
– шапан мен қамзол – ұлттық киімдерді әзірлеу және кию дәстүрі.
Номинациялық досьелерді әзірлеу Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және халықаралық деңгейде ілгерілету жөніндегі жүйелі жұмыстың кезекті кезеңі болмақ.
Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ИСЕСКО тізімдеріне енгізілуі Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға және дәріптеуге, мәдени дипломатияны нығайтуға, еліміздің халықаралық беделін арттыруға, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Номинациялық досьелер ИСЕСКО талаптарына сәйкес әзірленеді. Бұл жұмыс ғылыми зерттеулер жүргізуді, мұра элементтерін құжаттауды, фото және бейнематериалдар әзірлеуді, дәстүрді сақтаушылардың келісімін алуды, сондай-ақ халықаралық сарапшылардың қарауына ұсынылатын құжаттардың толық топтамасын рәсімдеуді қамтиды.
Номинациялық досьелерді әзірлеу жұмыстары Қазақстан Республикасының ұлттық мәдени мұрасын сақтау, дәріптеу және халықаралық деңгейде ілгерілету жөніндегі мемлекеттік саясат аясында жүзеге асырылып жатыр.
Айта кетсек, ИСЕСКО (Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам әлемі ұйымы) – Ислам әлемінің 53 мемлекетін біріктіретін мамандандырылған халықаралық ұйым. Ұйым білім, ғылым, мәдениет және мұраны қорғау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ мәдени әралуандылықты сақтауға және халықтар арасындағы өзара түсіністік пен диалогты нығайтуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асырады.
Бұған дейін Қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен Астанада «Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбында «Sarap» сарапшылық клубының отырысы өткенін жазған болатынбыз.