Референдум-2026

«Астана – арман қала»: Елорда күніне орай мерекелік гала-концерт өтіп жатыр

«Астана – арман қала»: Елорда күніне орай мерекелік гала-концерт өтіп жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана күніне орай елордада орталық саябақтағы амфитеатрда Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы ұйымдастыруымен «Астана – арман қала» атты мерекелік гала-концерт өтіп жатыр. Ашық аспан астында өткен мәдени кеште Қазақстанның танымал өнерпаздары қала тұрғындары мен қонақтарына әсем ән арнап, мерекелік көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Кештің басты қонақтары – әншілер Ғазизхан Шекербек пен Мәди Қадыров көрерменге танымал әндерін тарту етті. Сонымен қатар Қазақстанның Халық әртісі Майра Ілиясова бастаған белгілі өнер қайраткерлері сахнаға шығып, мерекелік концерттің ажарын аша түсті.

Сондай-ақ Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Ардақ Балажан, Естай Мұқашев, Ұлықпан Жолдасов, Гүлнұр Оразымбетова және Арайлым Рахымқызы, мәдениет саласының үздіктері Алтыншаш Мұқатаева мен Фарида Жолдасова өнер көрсетті. Ал жас орындаушылар Мұратбек Хайролда, Ақбота Құснадин, Әкімхан Маженов, Айдын Жұмабай, Парасат Отан, Қымбат Жамбылбек және Құралай Мейрамбек мерекелік кештің көркін қыздыра түсті.

Концертке қатысқан Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның әртістері Астананың өмірі мен шығармашылық жолындағы ерекше орны туралы айтып, елорда күнімен құттықтады.

«Бала күнімнен үлкен қалада тұруды армандайтынмын. Өсе келе жоғары оқу орнына түсер кезде енді ғана көркейіп келе жатқан Астанаға оқуға келдім. Кейін, 2009 жылы, отбасымызбен елордаға біржола қоныс аудардық. Содан бері Астанада тұрып жатқанымызға 17 жыл болыпты. Алғаш келгенде бойымда қобалжу болды. Бірақ бұл қала маған үлкен мүмкіндік сыйлады. Осында төрт жоғары оқу орнын тәмамдадым. Кейін филармонияға жұмысқа орналасып, бүгінде онда жеті жылдан бері еңбек етіп келемін. Астана менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Біз де елордамызбен бірге өсіп, өркендей берейік. Елімізді, жерімізді бүкіл әлем танысын. Астана күні құтты болсын!» – деді «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Алтыншаш Мұқатаева.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының төсбелгісімен марапатталған Арайлым Рахымқызы Астанамен бірге өткен жылдарын еске алып, елорданың қалыптасуына куә болғанын айтты.

«Астанаға көшіп келгеніме 26 жыл уақыт өтіпті. 1998 жылы елорданың қалыптасу кезеңінде, презентациясы өткен тұста осында қоныс аудардық. Сол күндер әлі күнге дейін көз алдымда. Осы қалада отбасын құрдым, үш ұлдың анасы атандым. Сондықтан Астана – мен үшін балаларымның туған, өскен қаласы. Қаланың қалай бой көтеріп, күн сайын көркейіп келе жатқанын өз көзімізбен көрдік. Біз алғаш келгенде сол жағалау әлі болған жоқ. Осы айтулы мерекеде барша қазақстандықтарды, елорда тұрғындарын Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, іргеміз берік болсын! Астанамыз болашақтың қаласына айналып, одан әрі гүлдене берсін!» – деді ол.

Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Жолдасов елорданың шығармашылыққа шабыт сыйлаған қала екенін атап өтті.

«Астанада тұрып жатқаныма сегіз жылдай болды. Алғаш келгенде біраз қиналдым. Уақыт өте келе өз орнымды тауып, бұл қалаға да үйреніп кеттім. Қазір тіпті Астанадан алыстасам, қайта оралуға асығып тұрамын. Шығармашылығым да осы қалада бір жүйеге түсіп, тың серпін алды. Көптеген өлеңдерім дәл осы Астанада дүниеге келді. Елордамыз көркейіп, күн сайын көз алдымызда өсіп келеді. Астанамыздың даңқы әлемге кеңінен жайылып, бүгінгіден де биік белестерді бағындыра берсін. Баршаңызды Астана күнімен құттықтаймын!» – деді әнші.

Мерекелік концерт бірнеше буын өнерпаздарын бір сахнада тоғыстырып, Астана күнінің мазмұнын өнер арқылы айшықтады.