Қостанай облысында құны жарты миллиард теңгеге жуық вейп тәркіленді
Қостанай облысында Қазақстан аумағына ірі көлемде вейп өнімдерін заңсыз алып кіру әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 29 маусымда ҰҚК Шекара қызметінің Қостанай облысы бойынша департаменті «Қайрақ» автомобиль өткізу пунктінде жүк көлігін тексеру барысында тыйым салынған өнімдерді анықтаған.
Жүк көлігінің тіркемесіндегі өзге тауарлардың арасына жасырылған 27 624 дана электрондық тұтыну жүйесі (вейп) табылды.
Алдын ала есеп бойынша, тәркіленген өнімнің жалпы құны 500 миллион теңгеге жуықтайды.
Аталған дерек бойынша материалдар процестік шешім қабылдау үшін құзырлы мемлекеттік органдарға жолданды.
ҰҚК Қазақстан аумағына шегілмейтін темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), сондай-ақ оларға арналған сұйықтықтар мен хош иістендіргіштерді әкелуге және өндіруге заңмен тыйым салынғанын еске салды.
Естеріңізге сала кетейік, Абай облысында вейптерді заңсыз сатқандар сотталған болатын.