Қазақстан Ыстанбұлда төтенше жағдайларға дайындық тәжірибесін таныстырды
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ыстанбұлда өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жер сілкіністері кезіндегі төтенше жағдайларды басқаруға арналған министрлік конференциясына қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық форумға денсаулық сақтау министрлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен жетекші сарапшылар қатысып, табиғи апаттар кезінде денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын арттыру мәселелерін талқылады.
Ақмарал Әлназарова өз сөзінде Қазақстан аумағының шамамен 40 пайызы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын атап өтті. Осыған байланысты елімізде төтенше жағдайларға медициналық ден қою жүйесі кезең-кезеңімен жетілдіріліп, инфрақұрылым жаңартылып, мамандар даярлау мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіліп келеді.
Министрдің айтуынша, бұл жұмыстың негізгі тетігі – Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы. Оның құрамына көпсалалы аурухана, санитариялық авиация қызметі, сондай-ақ тәулігіне шамамен 1600 жедел жәрдем бригадасының жұмысын үйлестіретін 20 өңірлік станса кіреді. Сонымен қатар елімізде республикалық жолдардың бойында орналасқан 41 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді.
Елімізде Алматы және Өскемен қалаларында орналасқан заманауи мобильді госпитальдар да төтенше жағдай кезінде 14 тәулікке дейін автономды жұмыс істеп, тәулігіне 200-ге дейін зардап шеккен адамға, оның ішінде хирургиялық көмек көрсетуге қауқарлы.
Министр санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, 2025-2029 жылдарға арналған қоғамдық денсаулыққа төнетін қауіптерге дайындық және ден қою жөніндегі ұлттық жоспар қабылданып, зертханалық әлеуетті дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және ведомствоаралық оқу-жаттығуларды тұрақты өткізу көзделген.

«Ірі жер сілкіністері мен өзге де төтенше жағдайлардың салдарын ешбір мемлекет жеке өзі еңсере алмайды. Тек тәжірибе, технология және кәсіби құзыреттерді біріктіру арқылы ғана адамдардың өмірі мен денсаулығын тиімді қорғауға болады. Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын», – деді Ақмарал Әлназарова.
Конференция аясында қазақстандық делегация ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы және Түркияның Денсаулық сақтау министрлігі басшылығымен екіжақты кездесулер өткізіп, шұғыл медицина мамандарын даярлау, апаттар медицинасын дамыту және заманауи технологиялар алмасу бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімдерге келді.
Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Қазақстанның Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы шұғыл медицина саласындағы өзара іс-қимылды дамытатын базалық алаң ретінде айқындалды.
Бұған дейін елордада МСАК жүйесін дамыту мәселелері халықаралық конференцияда талқыланғанын жазған едік.