Елордада МСАК жүйесін дамыту мәселелері халықаралық конференцияда талқыланды
Қазақстан заманауи денсаулық сақтау жүйесінің негізі саналатын медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) жүйелі түрде нығайтуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Осы өзекті тақырыпқа 16–17 маусым күндері елордада өткен «Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі: жаңа сын-қатерлер жағдайындағы даму. Отбасылық дәрігер практикасындағы дәлелді медицина» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция арналды. Ірі кәсіби алаңға Қазақстан мен шетелден келген 950-ден астам қатысушы офлайн және онлайн форматта жиналды. Конференцияның жұмысына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, медициналық ұйымдардың басшылары, жалпы практика дәрігерлері, мейіргерлер, ғалымдар мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Конференцияны ашқан Денсаулық сақтау министрі бүгінгі таңда дәл бастапқы буын халық денсаулығын сақтаудың, аурулардың алдын алудың және өмір сүру ұзақтығын арттырудың негізгі құралына айналып отырғанын атап өтті. Министрдің айтуынша Қазақстан отбасылық медицинаны дамыту және әрбір азамат үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.
«Бүгінде еліміздегі учаскелердің 80 пайыздан астамына жалпы практика дәрігерлері қызмет көрсетеді. Біз медициналық көмектің отбасылық моделіне кезең-кезеңімен көшіп, мейіргерлердің дербес қабылдауын дамытып, заманауи цифрлық шешімдерді енгізіп, денсаулық сақтаудың профилактикалық бағытын күшейтіп келеміз. Біздің мақсатымыз – тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір адамға сапалы медициналық көмек көрсету», – деді министр.

Ведомство басшысы биылдан бастап барлық скринингтік зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетіне енгізілгенін хабарлады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша артериялық гипертензияны анықтау көрсеткіші 13%-ға, ал ІІ типті қант диабетін анықтау 26%- ға артқан.
Жаңа ақпараттық шешімдерді енгізудің арқасында бастапқы буын медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеме 40 пайызға төмендеп, дәрігерлердің пациенттерге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік берілді.
2027 жылға қарай учаскелерді жалпы практика дәрігерлерімен 100 пайыз қамтамасыз ету және созылмалы аурулар бойынша алдын алуға болатын ауруханаға жатқызу жағдайларын кемінде 20 пайызға қысқарту жоспарлануда.
Конференцияға қатысушылар медициналық-санитариялық алғашқы көмек саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы елдік офисінің басшысы доктор Скендер Сыла конференцияда талқыланған мәселелер ДДҰ-ның жаһандық күн тәртібіне толық сәйкес келетінін атап өтті. Негізгі бағыттар ретінде өмір бойы аурулардың алдын алу, цифрлық денсаулық сақтау мен телемедицинаны дамыту, созылмалы инфекциялық емес ауруларды тиімді басқару, тұрақты қаржыландыру және дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету айқындалды.
ДДҰ өкілі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық коалиция құру бастамасының маңыздылығын ерекше атап өтті.
«ДДҰ бұл бастаманы қолдайды. Ол медициналық-санитариялық алғашқы көмекті нығайту және баршаға денсаулық қағидатын іске асыру жолындағы мемлекеттердің бірлескен іс-қимылдарын ілгерілетуде Қазақстанның рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді», – деді доктор Сыла.
Конференция шеңберінде отбасылық медицинаны дамыту, дәлелді медицина қағидаттарын енгізу, халықты дәрілік қамтамасыз ету, аурулардың профилактикасы және денсаулық сақтау саласын цифрлық трансформациялау мәселелеріне арналған тақырыптық секциялар мен сарапшылық пікірталастар өтті.
Денсаулық сақтау жүйесін кадрлық қамтамасыз ету және медициналық алғашқы көмек көрсетудегі мейіргерлердің рөлін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Іс-шаралардың жеке блогы заманауи мейіргерлік практика модельдеріне, кәсіби құзыреттерді дамытуға және орта буын медицина қызметкерлерінің дербестігін арттыруға арналды.
Конференция шеңберінде отандық және халықаралық жетекші компаниялардың басын қосқан заманауи медициналық технологиялардың мамандандырылған көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ қатысушыларға диагностика, телемедицина, цифрлық денсаулық сақтау, медициналық жабдықтар және фармацевтика өнеркәсібі салаларындағы ең жаңа әзірлемелер таныстырылды.
Бағдарламаның практикалық бөлімі ересектерге, балаларға, нәрестелерге және жүкті әйелдерге арналған базалық жүрек-өкпе реанимациясы бойынша мастер-кластарды қамтыды. Онда мамандар әртүрлі клиникалық жағдайларда шұғыл көмек көрсету дағдыларын пысықтады. Сонымен қатар, делегаттар Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығында болып, МСАК жұмысын ұйымдастырудың заманауи тәсілдерімен және отбасылық медицинаның үздік практикаларымен танысты.

Конференция медицина қызметкерлерін марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Жоғары кәсіби біліктілігі, мамандыққа адалдығы және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін еліміздің түрлі өңірлерінен келген 58 жалпы практика дәрігері мен мейіргер марапатталды. Үздік мамандарға салалық наградалар, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар, «Еңбек ардагері» медалі және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері табысталды.

Конференция Денсаулық сақтау министрлігінің Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының ұйымдастыруымен және InnPharma қауымдастығының қолдауымен өткізілді.
Еске салсақ, еліміздің сауықтыру лагерлерінде 10 мыңнан астам теміржолшылар отбасының балалары демалады.