Астанаға бес мемлекеттің жас геологтары жиналды
Астанада жас геологтардың VIII халықаралық дала олимпиадасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
4-12 шілде аралығына жоспарланған олимпиадаға Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Өзбекстаннан келген 140 оқушы қатысты.
Олимпиада қатысушылары минералогия, петрография, палеонтология, гидрология, магнитометрия, шлих сынамаларын алу, мұнай және газ геологиясы, геологиялық есептерді дайындау, далалық лагерьді ұйымдастыру және өзге де бағыт бойынша тапсырмалар орындайды әрі геологиялық маршруттардан өтеді. Олимпиаданың барлық кезеңі геолог мамандарының нақты еңбек жағдайына барынша жақындатылып ұйымдастырылған.

Олимпиада Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті мен Энергетика министрлігінің ресми қолдауымен өткізілді. Басты ұйымдастырушы – «Жас геолог» корпоративтік қоры.
«Еліміздің тау-кен өндіру және геологиялық барлау салаларында білікті мамандарға сұраныс жоғары деңгейде болып отыр. Олимпиаданы ұйымдастырудағы басты мақсат – мектеп оқушыларының геология ғылымына қызығушылығын арттыру, жастарға ерте бастан кәсіби бағдар беру, дарынды оқушыларды анықтап, оларға қолдау көрсету», делінген хабарламада.
Жоба өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталған.


Еске сала кетсек, Астана күніне орай елордада балалар жарысы өтті.