Референдум-2026

Астанада прокуратураның көшпелі кездесуіне 20-ға жуық инвестор қатысты

Астанада прокуратураның көшпелі кездесуіне 20-ға жуық инвестор қатысты
Астана қалалық прокуратурасы видеосының скрині

Invest caravan акциясы аясында елордада «Байқоңыр» ауданының прокуратурасы инвесторлармен көшпелі кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.

Сапар барысында прокурорлар инвестициялық нысандарды аралап, инвесторлармен жобалардың іске асырылу барысын, бар әкімшілік кедергілерді және мемлекеттік органдар тарапынан жәрдемдесуді талап ететін мәселелерді талқылады.

Мемлекеттік қызметтерді уақтылы көрсетуге, жер телімін беруге, инженерлік инфрақұрылымға қосылуға және келісу рәсімінен өтуге ерекше назар аударылды.

Invest caravan акциясының қорытындысы «Байқоңыр» ауданының прокуроры Ерлан Алмазұлының төрағалығымен кәсіпкерлер палатасының алаңында мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен қаралды.

Іс-шарамен 20-ға жуық инвестор қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша бес өтінішке заң консультациясы берілді, тағы бес мәселе сол жерде шешілді, ал он өтінішті прокуратура бақылауға алды.

Қазіргі уақытта «Байқоңыр» ауданының аумағында жалпы құны 340 млрд теңге 104 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Ол 10 мыңға жуық жұмыс орнын құруды көздейді.

Invest caravan науқаны әкімшілік кедергілерді уақтылы анықтауға және жоюға ықпал етеді, инвестициялық жобаларды тиімді қолдауды және инвесторлардың құқығын қорғауды қамтамасыз етеді.