Euronews қазақ тілінде халықаралық жаңалықтар тарата бастайды
Euronews – әлемнің жетекші ақпараттық телеарналардың бірі. Телеарна алғаш рет Орталық Азияда қазақ тілінде хабар таратуды бастайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Қазіргі таңда Euronews Қазақстан аумағында орыс тілінде хабар таратады. Осы сәттен бастап енді интернет арнасында қазақ тіліндегі сұхбаттары, шығарылымдары болады. Бүгін біз отандық медиа саласы мен мемлекеттік тілдің дамуы үшін маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Бұл – шын мәнінде тарихи кезең», - деді Қанат Ысқақов.
2024 жылы ашылған Euronews-тің Орталық Азиядағы хабы тек хабар таратумен ғана айналыспайды. Қазақстандағы өкілдігі, ең алдымен журналистерді оқытуға және медиа мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға назар аударады. Бұл отандық медиа саласының дамуына септігін тигізеді.
«Euronews телеарнасының басшылығына алғыс білдіремін. Телеарнаның еліміздегі қызметі мұнымен шектелмейді. Алда мемлекеттік тілде жүзеге асырылатын ірі жобалар бар. Ең бастысы – халыққа шынайы, танымдық, толық ақпарат жеткізу, сонымен қатар мемлекеттік тілімізді дамыту», - деді вице-министр.