Референдум-2026

Астанадағы Kazecotech компаниясы 2 млн-нан астам энергия үнемдейтін шам мен сынапты термометрді қайта өңдеді

Астанадағы Kazecotech компаниясы 2 млн-нан астам энергия үнемдейтін шам мен сынапты термометрді қайта өңдеді
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сын-қатерлердің артуы жағдайында қалдықтарды қауіпсіз басқаруды қамтамасыз ететін және оларды екінші рет шаруашылық айналымына тартуға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды енгізудің маңызы артып келеді. Осы бағыттағы жарқын мысалдың бірі - Астана қаласындағы «Kazecotech» ЖШС, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл - 15 жылдан астам уақыт бойы ғылыми әзірлемелерді, инновациялық технологияларды және өнеркәсіптік өндірісті тиімді ұштастырып келе жатқан ғылыми-техникалық кәсіпорын.

2011 жылдан бері компания қалдықтарды экологиялық тұрғыдан қауіпсіз басқару жүйесін дамытуға және айналым экономикасы қағидаттарын енгізуге бағытталған жобаларды іске асырып келеді.

Бүгінде кәсіпорын құрамында сынабы бар қалдықтарды қоса алғанда, қауіпті қалдықтарды қайта өңдейді. 2 миллионнан астам пайдаланылған энергия үнемдейтін шамдар мен сынапты термометрлерді қайта өңдеді. 4 мыңнан астам қалдық түрін экологиялық талаптарға сәйкес термиялық залалсыздандырады.

Қалдықтарды басқару және қоршаған ортаны қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарын әзірлеуге қатысады.
Кәсіпорында қолданылатын жабдық «Жасыл» технологиялардың ұлттық тізіліміне енгізілген және халықаралық сапа, экологиялық әрі өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді.

«Kazecotech» ЖШС-ның тәжірибесі заманауи экологиялық технологиялардың қауіпті қалдықтарды қауіпсіз залалсыздандырып қана қоймай, олардың қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін едәуір азайтуға, айналым экономикасын дамытуға және еліміздің экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретінін айқын көрсетеді.

Еске сала кетсек, елордалық балабақша бүлдіршіндері қалдықтарды қайта кәдеге жаратты.