Қазақстанда бірыңғай цифрлық кітапхана платформасы құрылады
Еліміздегі барлық кітапхананы біріктіретін бірыңғай цифрлық кітап платформасын іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бұл туралы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Зерделі ұлт болмысы» атты дөңгелек үстелде Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет айтты.
Жоба жүзеге асқан жағдайда Қазақстандағы барлық кітапхана бір жүйеге біріктіріледі. Оқырмандар кез келген өңірдегі кітапхана қорындағы кітаптарды бір ғана оқырман билеті арқылы пайдалана алады.
Сонымен қатар жаңа цифрлық платформа авторларға да қосымша мүмкіндік береді.
Алмаз Мырзахметтің айтуынша, қаламгерлер шығармаларын электронды форматта заңды түрде орналастырып, ақылы оқылған кітаптардан түсетін қаражатты тікелей өздері ала алады.
Оның пікірінше, бұл жазушылардың еңбегін қолдаудың жаңа әрі тиімді тетігі болады.
Бұған дейін Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға үлес қосқан азаматтарға арналған ұлттық сыйлық тағайындалуы мүмкін екенін жазғанбыз.