Референдум-2026

Елордада «Астана-1» теміржол вокзалының жаңғырту дайындығы 40 пайыздан асты

Елордада «Астана-1» теміржол вокзалының жаңғырту дайындығы 40 пайыздан асты
Фото: Көлік министрлігі

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов «Астана-1» теміржол вокзалының құрылыс алаңына барып, нысанды реконструкциялау жұмысымен танысты. Бүгінде нысанның дайындық көрсеткіші 41%-ға жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Мердігер ұйымның, жобалаушының және техникалық қадағалаудың өкілдері құрылыс-монтаж жұмысының қазіргі барысы, құрылыс кестесінің сақталуы және жобаны белгіленген мерзімде аяқтау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.

Нысанның жалпы ауданы 8 409 шаршы метр. Қазіргі уақытта ғимараттың сыртын қаптау, шатырын орнату толық аяқталды. Сонымен қатар ішкі және сыртқы әрлеу жұмысы, инженерлік желіні, электрмен жабдықтау, жылыту, желдету, сумен жабдықтау және кәріз жүйесін монтаж жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, перрон мен конкорс өткелінің құрылысы, вокзал аумағын абаттандырылады.

Вице-министр мердігер ұйымға құрылысты қажетті қарқынмен жүргізуді, жұмыс сапасына бақылауды күшейтуді және реконструкциялауды бекітілген кестеге сәйкес аяқтау үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды.

Еске сала кетейік, «Астана-1» теміржол вокзалын реконструкциялау Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүргізіліп жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін жаңартылған вокзал жолаушылардың барлық санаты үшін жайлылық, қауіпсіздік және қолжетімділікке қойылатын заманауи талаптарға толық сәйкес болады.

Еске салсақ, еліміздің бірқатар өңірінде жөнделген 30 теміржол вокзалы ашылды.