Қарағанды облысында медбикелер үстемақы алу үшін жалған құжат жасаған
Қарағанды облысында жеті дәрігер мен 30-дан астам медбикенің біліктілік тестілеу нәтижелерін қолдан жасағаны анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Алматы телеарнасына сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау кезінде деректердің бұрмалануын Қарағанды облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің қызметкерлері анықтады. Ведомствоның мәліметінше, тест тапсырды деген құжатты алу үшін дәрігерлер мен медбикелер 200 және 300 мың теңге ақша төлеген. Ал көмекшілері сынақтан өткендердің жеке сәйкестендіру нөмірін базаға енгізген. Содан соң қосымша ақы алуға талпынғандардың тегі мен басқа да деректерін өзгерткен. Аталған дерекке 39 құқық бұзушының жол бергені расталды. Оның екеуі Ұлытау облысының денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейді.
«Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғау үшін, облыстық Полиция департаментіне материалдар беруге бастамашылық жасадық. Бұрмаланған құжаттарды ұсынғаны үшін медицина қызметкерлеріне жауапкершілік жүктеледі. Мұндай әрекеттер тек әкімшілік емес, сонымен бірге қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін, – деді Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ольга Смирнова.