00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Алдаудың жоғары технологиясы: Алаяқтар жасанды интеллектті қалай пайдаланады

26 қаңтар, 2025
Торғын Аман Торғын Аман
Алдаудың жоғары технологиясы: Алаяқтар жасанды интеллектті қалай пайдаланады
фото: freepik

Киберқылмыскерлер тәсілдерін өзекті ету үшін жасанды интеллектіні пайдаланады. stopfake.kz нейрожелілер арқылы жасалған схемалар қандай және мұндай өтірікті қалай тануға болатынын түсіндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазіргі заманғы нейрожелілер нақты адамдардың бет-әлпетін, мимикасын және дауысын дәл келтіретін кескіндерді, видео немесе аудио файлдарды жасай алады. Мұндайға дайын болмаған көрермен шынайы фотосуретті немесе видеоны көріп отырмын деп, алданып қалуы мүмкін.

Желіде заманауи нейрожелілердің адамның бет-әлпеті мен дауысын келтірген жағдайлар көп. Мұны алаяқтар шебер қолданады.

Қылмыскерлердің нейрожелілерді пайдалануының екі негізгі «бағыты» бар.

Бірінші: Жарнамалық видеороликтер

Алаяқтар жасанды интеллектінің көмегімен атақты адамдардың, саясаткерлердің, кәсіпкерлердің немесе беделді сарапшылардың «қатысуымен» видеолар жасайды. Олар жаңа инвестициялық жобалар, биржалар немесе стартаптар туралы «айтып», ақша салуға шақырады және инвестиция салса, одан еселеп пайда табатынына кепілдік береді. Мұндай роликтер көбінесе банктер немесе ірі ұйымдар туралы болады. Айта кетейік, олар полицияға да, әлеуметтік желілерге де жүгініп, алаяқтармен барынша күресуде, бірақ киберқылмыскерлерді ұстау және тоқтату қиын. Бұғатталған бір аккаунттың орнына бірнеше минуттың ішінде жаңадан бірнешеуі пайда болады.

Екінші: «Жақын адамдар» қоңырау шалады

Қазіргі заманғы нейрожелілер кез келген дауысты келтіре алады. Алаяқтар зардап шегушінің туыстарының немесе жақындарының дауысын келтіріп, қоңырау шалып, ақша сұрайды. Бұл үшін қаскөйлерге дауыс үлгілері қажет болады, оны олар ашық әлеуметтік желілерден немесе мессенджерлерді бұзу арқылы алады.

Қауіп-қатер белгілері

Заманауи технологиялар қолданғанымен, жоғарыда сипатталған алаяқтық схемаларда да мін бар. Олардан қауіп-қатердің белгілерін байқауға болады.

– Инвестициялық платформалардың, стартаптардың немесе биржалардың жарнамасы ресми сайттарда немесе аккаунттарда емес, әлеуметтік желілерде күмәнді контент жарияланған парақшаларда орналастырылады.

– Жарнамада қысқа мерзімде мол табыс табуға болатыны айтылады. Нақты инвестициялар олай жұмыс істемейді.

– Қоңырау шалған «туысыңыз» аяқ астынан қайғылы немесе төтенше жағдай болып қалды деп шұғыл түрде ақша жіберуіңізді сұрайды, мысалы, ауыр көлік апатына ұшырап, тез арада қомақты қаржы қажет дейді.

– белгісіз нөмірден қоңырау түседі, ол жақыныңыздың дауысымен телефонын жоғалтып алғандықтан немесе ол сынып қалғандықтан өтіп бара жатқан адамның немесе басқа біреудің телефонынан хабарласып тұрғанын айтады.

Қауіпсіздікті қалай сақтаймыз

Егер танымал адамның қатысуымен инвестициялау туралы қызықты ұсынысты көрсеңіз, платформаның немесе бағдарламаның атауын жазып алыңыз. Оны браузердің іздеу жолағына енгізіп, платформа туралы барынша көп ақпарат табуға тырысыңыз. Егер инвестициялық бағдарлама ірі брендтің атынан іске қосылса, оның ресми сайтына кіріп, жарнамаланған инвестициялар туралы ақпараттың бар-жоғын тексеріңіз. Егер инвестициялық бағдарлама киберқылмыскерлердің айласы болса, брендтің ресми сайтында алаяқтар туралы ескерту жариялануы мүмкін.

Егер танымал адам инвестиция салуға шақырса, оның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарын тексеріңіз. Бұл адамның осы жарнаманы теріске шығармағанына көз жеткізіңіз.

Егер жақын адамыңыз қоңырау шалып, тез арада көп ақша жіберуді сұраса, дүрбелеңге бой алдырмағаныңыз жөн. Телефонды қойып, қоңырау шалған адамға қайта хабарласыңыз, тек қоңырау соққан нөмірге емес, телефон кітапшасында жазылған нөмірді теріңіз. Егер ол адам шынымен төтенше жағдайға ұшыраса, оған көмектесіп үлгересіз. Ал егер алаяқтар алдамақ болса, сіз өзіңізді және ақшаңызды сақтап қаласыз.

Көріп отырғаныңыздай, нейрожелілерді пайдаланса да, алаяқтардың схемаларын тануға болады. Ол үшін күдікпен қарап, қарапайым ережелерді сақтау керек.