«Отбасының берекесі – сыйластық пен махаббатта»: астаналық көпбалалы ұстазбен сұхбат

15 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Отбасының берекесі – сыйластық пен махаббатта»: астаналық көпбалалы ұстазбен сұхбат
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

15 маусым – Әкелер күніне орай Астана қаласындағы Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының директоры, ұстаз әрі көпбалалы әке Сырым Нұғұмановпен сұхбат құрдық, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

– Сырым мырза, ең алдымен Әкелер күнімен құттықтаймыз! Сіз үшін «әке болу» деген не?

– Рақмет! Мен үшін әке болу – баланың өмірінде тірек болу, оған дұрыс жол көрсету. Әке – отбасының қорғаны, баланың қаһарманы. Баланы сөзбен емес, іспен тәрбиелеу керек. Ұлттық құндылықтарды, адалдық пен адамгершілікті өз ісің арқылы көрсету – нағыз әкелік міндет.

– Көпбалалы әке ретінде бала тәрбиесінде қандай ұстанымдарға сүйенесіз?

– Әр баланың мінезі, қызығушылығы әртүрлі. Сол себепті әрқайсысына жеке көзқараспен қарап, барлығына теңдей махаббат пен әділдік көрсетуге тырысамын. Үйде үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, еңбекқорлық пен адалдық – басты қағида. Балаға не айтсаң да, оны өзің жасауың керек. Қазақта «Балаңды беске дейін патшаңдай көр, он беске дейін қосшыңдай көр, он бестен кейін досыңдай көр» дейді. Осы сөзге сүйенемін.

– Отбасыңызға қанша уақыт бөлесіз? Жұмыстың көптігі отбасыңызға әсер етпей ме?
– Әрине, білім ұжымын басқару – үлкен жауапкершілік, уақыт пен күшті талап етеді. Дегенмен отбасы – менің өмірімнің ең маңызды бөлігі. Сол себепті аптасына бір күнді арнайы «отбасылық күн» деп белгілеп қойдық. Бұл күні бар жұмыс тоқтап, отбасымызбен кітап оқимыз, фильм көреміз немесе серуендейміз. Кешкі ас үстінде бәріміз бірге отырып, күннің қалай өткенін бөлісеміз. Бұл – балалармен байланыс орнатудың және оларға отбасының қадірін ұғындырудың ең жақсы жолы деп білемін.

– Мектептегі оқушыларды көріп, кейде өз балаңызды еске алатын кездер бола ма? Басшылық пен әкелік рөлдің ұқсастығы бар ма?

– Иә, кейде оқушылардың әрекеттерінен өз балаларымды көремін. Басшылық пен әкелік рөлдің ұқсастығы – екеуінде де бағыт көрсету, қолдау, әділдік пен сенім қажет.

– Ұстаздық қызметіңіз балаларыңызға қалай әсер етіп жатыр деп ойлайсыз? Олар сіздің жолыңызды таңдауы мүмкін бе?

– Балаларым менің жұмысқа деген көзқарасымды көріп жүр. Кейде «педагог болғым келеді» деп айтады. Бірақ мен оларға таңдау еркіндігін беремін. Қай жолды таңдаса да, адал және елге пайдалы азамат болса болғаны.

– Қазір әкенің рөлі өзгерді деп ойлайсыз ба?

– Әрине. Бұрын әке көбіне отбасының асыраушысы болса, қазір бала тәрбиесіне белсенді араласатын тұлға. Қазіргі әке – әрі дос, әрі кеңесші, әрі үлгі. Бірақ беделі мен сөзі салмақты болуы бұрынғыша маңызды.

– Ұл мен қыз тәрбиесінде әкенің рөлі бірдей ме?

– Ортақ құндылықтар бар, бірақ әр баланың жаратылысы бөлек. Ұлға жауапкершілік пен ерлік, қызға ізеттілік пен инабаттылық үйрету керек. Бірақ әкенің махаббаты мен қолдауы екі балаға да бірдей қажет.

– Отбасындағы үйлесім мен береке неден басталады деп ойлайсыз?

– Сыйластық пен шынайылықтан. Әр отбасы мүшесі өзін бағалы сезінуі керек. Сонда ғана отбасыда береке болады. Құранда «Ең жақсыларың – отбасына жақсы қарағандарың» деген. Осы сөзді ұстанып жүруге тырысамын.

– Жас әкелерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Балаға тек ақша тауып беру емес, рухани жақын болу – маңызды міндет. Уақытыңыз тығыз болса да, балаңызға көңіл бөлуге тырысыңыз. Баланы сөзбен емес, іспен тәрбиелеңіз. Әке болу – өмірлік миссия.

Автор: Аяулым Құдайберген