«Осынша теңге несие шықты»: депутат жеке деректер несие компанияларына қолжетімді екенін айтты

14 мамыр, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
«Осынша теңге несие шықты»: депутат жеке деректер несие компанияларына қолжетімді екенін айтты
фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты өз сөзінде, жеке құжаттағы ресми деректер алаяқтар мен кредит беретін компанияларға қолжетімді екенін атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Ағайынды ашындыратыны осы, бүкіл елдің телефон нөмірі, жеке деректері, құжаттағы ресми ақпараттары айналадағы болмаса айдаладағы компанияларда қайдан жүр? Сандық технологияны дамытамыз деп елдің жеке мәліметі жиналған сандықты кім ашып тастады? Алаяқтар мен кредит бергіш колпанияларға біздің деректерді кім ұсынып жүр? Цифрлық даму министрлігі бастаған ведомствалардың жеке деректі мұқият сақтаймыз дегені осы ма? Бұған кім жауап береді? Міне менің өзіме қанша смс келді.  Бұдан бұрын азаматтарымыздың денсаулығына қатысты деректер тарап кетті, кейін отбасы мүшелеріне, бала-шағамызға қатысты деректер желіде жүрді, енді жеке құжаттағы мәліметтеріміз бен телефон нөмірлеріміз әркімнің қолында жүр? Бұл қалай болғаны?»,- деді ол.  

2024 жылы қазақстандықтар 22 900 рет интернет алаяқтарға алданған, келтірілген шығын 45,5 млрд теңге.

«Қазір қандай да бір мемлекеттік немесе жеке қосымшаға кірейін десең «сіздің жеке мәліметтеріңізді өңдеуге рұқсат беріңіз» деген батырма шығады. Оған келіспесең бітті, ешқандай қызмет көрсетпейді. Ол жеке деректі алғандар оны кейін қайда қолданады, кімге береді Құдай білсін.  Артынша азаматтар алданып жатыр деп алашапқын боламыз. Себебі жеке дерегі қолды болған азаматтар жаппай алаяқтардың құрығына түсіп жатыр. «Әзіл айту мен қарыз алу кенет болу керек» дейді қазақ, қазір қарызға кіру де кенет болады. Нақты дерек, Азаматтар «ақшамды есепшотымнан сыпырып алған алаяқты табыңыз» деп полияцияға арыз жазады. Бірақ одан нәтиже жоқ. Себебі интернет алаяқтыққа қатысты қозғалған істердің  81,8 проценті «қылмыс жасаған адамның анықталмауына байланысты» жабылып қалады»,- деді Нартай Сәрсенғалиев.

Сонымен қатар есепшот ашқан банк мұндай жағдайда жауапкершілік алмайтынын айтты. 

«Мына деректі оқып тіпті таң қалдым, алаяқтарға қарапайым адамдар алданғанын көріп-біліп жүрміз ғой. Ал былтыр интернет алаяқтар мемлекеттік мекемелерді алдап 8,4 миллион теңгесін ұрлап кеткен. Парадокс. Ел болса мемлекеттік мекемелер бізді құтқарады деп сеніп жүр. Халықтың қалтасын қағып қана қоймай, өміріне қауіп төндіретін тағы бір дүние бар. Ол биологиялық белсенді қоспалар. Сертификаты бар ма, тиісті тексеруден өткен бе ол жағы беймәлім, жарнамасы жер жарып тұр бірақ. Және олардың қаржылық айналымына қатысты да сұрақ көп»,- деді ол. 

Осыған орай мәжіліс депутаты бірқатар ұсыныс білдірді. Оның бірі - банктерге «антифрод» жүйесін қосу. 

«Ол қандай  да бір адамның жеке деректеріне сырттан қол сұғылған кезде немесе 1 адамның атынан қысқа уақытта бірнеше банкке, микроқаржы ұйымына кредит алуға өтініш тасталған кезде жүйені толық тоқтатады. Азаматтардың несиелік жүктемесіне қарамай кредит берген жағдайлар көп. Адамның айлығы қарыз төлеуге жетпей тұрса да алаяқтар қылмыстық жолмен сол кісінің атына несие алады. Осындай кезде банктер мен қаржылық ұйымдар қайда қарайтыны түсініксіз. Сондықтан несиелік жүктеменің коэфиценттерін қайта қарау керек»,- деді ол. 

Нартай Сәрсенғалиев тек смс кодты енгізіп ақша аударуды тоқтату керек екенін айтты. 

«Кредит беретін кезде, қарыздың көлеміне қарамастан, адамдардың қаржылық ұйымға өз аяғымен баруы немесе биометриялық тексеруден өтуін міндеттеу керек. Азаматтардың есепшотындағы ақшаны алаяқтың ұрлағаны, бірақ одан клиент хабарсыз болғаны дәлелденсе банктер сол қаражатты азаматқа  өз есебінен қайтарып беруі тиіс. Интернет алаяқтармен күресуге тергеу орындарының неге әлі келмейді?  Қосымшаларда азаматтардың жеке мәліметтерін өңдеуді талап етуді тоқтату керек. Сонымен қатар биологиялық белсенді қоспалардың түрілері  мен құрамына қатысты қатаң тексеру өткізу керек.  Осы бағытта құқықтық баға беріліп БАД сататын ұйымдардан жапа шеккен азаматтардың құқығын қорғайтын шаралар қабылдау қажет»,- деді ол.