Сарыарқа ауданында жаңа қоғамдық кеңістік ашылды
Елордада «Агрогородок» тұрғын алабы, Юбилейная көшесі, 22 мекенжайында жалпы аумағы 3500 м²-ден асатын жаңа қоғамдық кеңістік ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, кеңістікті абаттандыру аясында әртүрлі жастағы балаларға арналған ойын алаңдары абаттандырылды. Тұрғындардың жайлылығы үшін орындықтар, қоқыс жәшіктері және беседкалар жайластырылды. Ал спорт сүйер қауымға workout-аймақтар жасақталды.
Қауіпсіз және жайлы кешкі уақытты өткізуге 27 жарықтандыру бағанасы орнатылған. Көгалдандыруға ерекше назар аударылып, 6 метрлік тірі шырша және 110-нан астам жасыл желек отырғызылды. Олар үшін суару жүйесі де орнатылған.
«Бұл жаңа қоғамдық кеңістік – қараусыз қалған аумақтарды тұрғындар игілігі үшін абаттандырылған аймаққа айналдырудың жарқын мысалы»,- деп жазылған әкімдік хабарламасында.