Елордадағы руханият ізі: Ақселеу Сейдімбек тұрған мекен


Астанадағы кейбір үйлер – қарапайым тұрғын үй ғана емес, ұлт жадын сақтап тұрған рухани мекен. Күмісбеков көшесіндегі 6-үй – сондай киелі орындардың бірі. Бұл үйде қазақтың көрнекті ойшылы, ғалым, жазушы, этнограф, өнер зерттеушісі Ақселеу Сейдімбек ұзақ жылдар тұрған. Осындай тұлға туралы Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ЕҰУ профессоры Қайрат Өмірбайұлы Сақтан әріптесі болған Ақселеу Сейдімбек туралы естелік сұрадық.
«Ақселеу Сейдімбекті ерекшелендіріп тұрған басты қасиет – оның рухани тереңдігі мен ұлтқа қалтқысыз қызмет етуі. Әкесінен ерте айырылып, ағаларының қамқорлығында өскен жетім бала – кейін ұлттың мұрасын түгендеген тұлғаға айналды. Әлімхан Ермековпен сұхбат алғаннан кейін оның өмірі жаңа рухани арнаға түсті. Күй тарихын зерттеп, халық әндерін жинап, қазақтың ауызша тарихын жүйелеген қайраткер болды», - деді ол.
Ғалым Қайрат Сақтың айтуынша, Ақселеу Сейдімбектің еңбектері жас ұрпақ үшін өзекті.
«Жастар міндетті түрде «Қазақтың күй өнері», «Күңгір-күңгір күмбездер», «Қазақтың ауызша тарихы» сынды рухани еңбектерін оқуы керек. Бұл шығармалар – қазақтың жан дүниесінің, болмысының айнасы. Жастар осы шығармалар арқылы танымын кеңейтіп, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін арттырады. Ақселеу Сейдімбек – Алаш зиялыларының жолын жалғаған тұлға. Ол – ұлттық мүддені бәрінен жоғары қойған санаулы азаматтың бірі. Алаш идеясының сабақтастығын Ақселеу жалғастырды десек, қателеспейміз. Бұл – кез келгеннің маңдайына бұйырмайтын бақ», - деді ол.
Автор: Аяна Қабылбекова



