Байқоңыр ауданының жеке үйлерінде өртке қарсы датчиктер орнатылды
Елордалық Төтенше жағдайлар департаменті Астана қаласының Байқоңыр ауданындағы жеке тұрғын үй секторы мен жатақханаларды профилактикалық жолмен аралап көрді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді, сонымен қатар мамандар пеш пен газ жабдықтарын тексерді.
Аралау барысында ТЖД қызметкерлері халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне улы газға қарсы датчиктер орнатты. Бұл құрылғылар өртті ерте анықтауға мүмкіндік береді.
«Қазіргі уақытта біздің есепте халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 800-ден астам отбасы бар. Олардың үйлерінде 650-ге жуық көміртегі тотығы датчигі орнатылған. Бұл тұрғындарды өрттің туындауы туралы ескертуге және өрттің алдын алуға мүмкіндік береді. Қалған отбасыларға улы газға қарсы датчиктерді орнату жұмысы айдың соңына дейін аяқталады және аудан әкімдігімен бірлесіп жүргізіледі», - деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Ажар Рүстемова.