Астанада су тасқынының алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр


Қыс мезгілі басталғалы Астананың коммуналдық қызметі су тасқыны кезеңіне дайындықтың маңызды бөлігі саналатын қар шығару және нөсер ағындарын тазарту бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бас-аяғы 6,5 млн текше метрден астам қар шығарылды, 51 200 метр арық желісі тазартылды, 19 мың метрден астам коллекторлар жуылды, 1 262 тонна батпақ шығарылды. Мүмкін болатын төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін азаматтық қорғаныстың арнайы тобы құрылды.
Гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғырту мен нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, Жібек жолы кентінің ауданындағы Есіл өзенінің 3,8 шақырым ескі арнасы тазартылып, Нұра өзеніне су бұру және су бұру арнасын салу жұмыстары аяқталуда», - делінген хабарламада.
Майбалық көлінде ұзындығы 5,4 шақырым болатын жалғастырушы арна тазартылуда, бұл су бұруын жақсартуға және су тасқыны кезінде қала жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда арнаның 4 900 метрі тазартылған.
Су тасқынының алдын алу шаралары аясында өзен арналары мен арықтар тазартылып, кеңейтілуде. «Алматы» ауданындағы индустриалды паркте көктемгі қар еріген кезде өткізу қабілетін арттыратын Ақбұлақ арнасы тазартылып, айналма канал орнатылуда. Сонымен қатар, «Тельман» аумағындағы су тарту сорғы станциясын қорғау шаралары жүргізілуде.
«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша наурыз және сәуір айларында жауын-шашынның артуымен күн райы жылы болады деп күтіліп отыр. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға аула аумағын қардан тез арада тазалау қажеттігін ескертеді. Су тасқыны жағдайында қала орталығының iKomek 109 телефонына хабарласуға болады.



