Астанада мас күйде көлік жүргізген жүргізушілер жауапқа тартылды (ВИДЕО)


Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елорда аумағында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандарға ерекше назар аударды. Рейдтік шаралар нәтижесінде 1 700-ге жуық жол ережесін бұзу фактісі анықталып, көлік құралын алкогольдік мас күйде басқарғаны үшін 18 жүргізуші ұсталды.
Соның ішінде тәртіп сақшылары қала көшелерінің бірінде жол қозғалысы ережелерін елемеген Toyota және Daewoo Nexia автокөліктердің жүргізушілерін тоқтатып, тексеріс жүргізді. Сараптама нәтижесі олардың мас күйінде болғанын көрсетті.
Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, автокөліктер айыппұл тұрағына қойылды. Сот шешімімен аталған азаматтар 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды, - делінген хабарламада.
Полиция жол қозғалысына қатысушы әрбір азаматты тәртіпке бағынуға, көлік жүргізу кезінде барынша жауапкершілік танытуға, әсіресе мас күйде рөлге отырмауға шақырады. Себебі кез келген бейқамдық – адам өміріне қауіп төндіретінін естен шығармаған жөн.