00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Аида Балаева Жолдауға қатысты пікір білдірді

2 қыркүйек, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Аида Балаева Жолдауға қатысты пікір білдірді
Фото-коллаж: Elorda.info

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Соған қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бұл жолғы стратегиялық құжаттың тақырыбы – «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм». Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндеттерді орындауға және мақсаттарға жетуге басты назар аударуының өзіндік мәні бар. Яғни, Президент Үкіметтің, Парламенттің, әкімдіктердің бүгінге дейін атқарған жұмыстарының аралық нәтижесін қорытындылап, атқарылған жұмыстарды саралады. Сондай-ақ «Әділетті Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң және тәртіп» тұжырымдамаларын және біз куә болып отырған басқа да тұжырымдамалық реформаларды іске асыру үшін жойылуы қажет нақты кемшіліктерді де атап өтті. Әрине, Мемлекет басшысының бүгінгі бастамалары қазіргі күн тәртібін ескере отырып, елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық өзгерістердің мазмұны мен мағынасын толықтырып, жетілдіре түседі», - деді министр.

Сондай-ақ Аида Балаева Мемлекет басшысы тоғыз басым бағытты айқындап бергенін айтты.

«Олардың барлығы да бір мақсатқа – әрбір азаматтың өмір сүру сапасын жақсартуға қызмет етеді. Менің ойымша, бұл Президенттің бүгінгі сөзінің басты ойы, негізгі тамыры. Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшысы ретінде Мемлекет басшысы өз Жолдауында азаматтардың мәдениетін арттыру, табиғатқа ұқыпты қарау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, еңбек адамын құрметтеу қажеттігіне тағы да назар аударғанын ерекше атап өткім келеді. Біз бұл бағыттарды қарқынды түрде дамытып, жүйелі жұмыстарды жалғастыра береміз», - деді Аида Балаева.