Депутат: Жаңа Конституциядағы сот реформасы – тәуелсіз сот төрелігіне бастар жол

Бүгін, 17:25
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Депутат: Жаңа Конституциядағы сот реформасы – тәуелсіз сот төрелігіне бастар жол
Фото: Ляззат Разбекованың жеке мұрағатынан

Конституцияның жаңа редакциясы жобасының «Сот төрелігі, прокуратура, құқық қорғау тетіктері» бөлімі сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды әрі түбегейлі өзгерістерді көздейді. Мұндай пікірді Астана қаласы мәслихатының депутаты Ляззат Разбекова айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Ең алдымен, Жоғарғы Сот Төрағасын тағайындау мерзіміне шектеу енгізіледі  - ол бір реттен артық тағайындалмайды. Жоғарғы Сот Төрағасын тағайындау Президенттің айрықша құзыретіне жатады, ал Жоғарғы Соттың судьялары Мемлекет басшысының ұсынуымен Құрылтай арқылы сайланады. Осындай тәртіп Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де қолданылады. Мұндай модель жоғары сот және құқық қорғау органдары басшыларын тағайындаудың ашық әрі институционалдық тұрғыдан айқын тетігін қалыптастырады. Ол биліктің шамадан тыс даралану тәуекелдерін төмендетіп, кадрлардың жүйелі ротациясына ықпал етеді және ең бастысы -қоғамның сот жүйесі мен құқық қорғау институттарына деген сенімін нығайтады», - деді депутат.

Конституция деңгейінде алғаш рет адвокатура институты бекітіледі.

«Бұл азаматтардың сот арқылы қорғану және білікті заң көмегін алу құқығын қамтамасыз етудің маңызды кепілі болып саналады. Адвокаттар мен өзге де уәкілетті тұлғалар азаматтарға кәсіби құқықтық көмек көрсетеді, ал заңнамада олардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі егжей-тегжейлі айқындалады. Адвокатураның Конституцияда бекітілуі оның тәуелсіздігі мен қажетті кәсіби бақылау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, бірыңғай этикалық стандарттарды орнықтыруға және заң көмегінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, сот төрелігінің қолжетімділігі мен азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға тікелей әсер етеді», - деді халық қалаулысы.

Жалпы алғанда, ұсынылып отырған өзгерістер үш негізгі мақсатқа бағытталған.

«Біріншіден, жоғары сот органдары қызметінің ашықтығы мен заңдылығын арттыруға; екіншіден, сот жүйесінің тәуелсіздігін және оның басшыларының институционалдық жауапкершілігін нығайтуға; үшіншіден, әрбір азамат үшін қолжетімді, кәсіби әрі әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге. Осылайша, жаңа Конституция жобасы адам құқықтарын қорғау нақты әрі басым құндылыққа айналатын, ал қоғамның сот төрелігіне деген сенімі берік болатын тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруға берік негіз қалайды», - деп сөзін түйіндеді Ляззат Разбекова.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғанын жаздық.