«Туған анасын аяусыз ұрып, сүйектерін сындырған»: Қарағандының бұрынғы әкімінің ұлы 3 жылға сотталды
Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотының үкімімен өз анасын соққыға жығып, қабырғасы, жағы мен омыртқаларын сындырған азамат бас бостандығынан айырылды. Сотталушы Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі, бірнеше рет Мәжіліс депутаты болған Шәймерден Оразалиновтың ұлы сотта бұл ісіне өкінбейтінін айтқан, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қарағанды облыстық сотының мәліметінше, У. есімді азамат 1946 жылы туған анасына қасақана соққыға жыққан.
«У. өз үйінде болғанда анасы К.-мен болған жанжал барысында жәбірленуші ұрып, тепкілеп, денсаулығына зиян келтірген. Соның салдарынан жәбірленуші көптеген жарақат алған. Атап айтқанда: жабық бас-ми жарақатынан мидың шайқалуының өткір кезеңі, оң көз орбитасының, бүйір қабырғасының сынуы, оң жақ бет сүйек доғасының сынуы, оң жақ гаймор қуысының алдыңғы және артқы қабырғаларының сынуы, гемосинус дамуы, беттің көгеруі; оң жақтағы кеуде қуысының жабық жарақаты, 3,4,5,6-шы қабырғаларының сынуы; бірінші бел омыртқасының жабық, асқынбаған компрессиялық сынуы», - делінген хабарламада.
У.-дің кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің (көршілердің) айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа материалдармен дәлелденді.
«У.-ға қатысты сот оның жеке басын, кінәні жеңілдететін және ауырлататын жағдайлардың жоқтығын, кінәсін мойындамағанын және жасаған ісіне өкінбегенін, жақын адамына – өз анасына дене жарақатын салғанын ескерді. Осыған байланысты, 2024 жылғы 23 қыркүйектегі сот үкімімен оған орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деді облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар ол 1 млн теңге көлемінде моральдық зиянды өтеп, адвокаттарға төленген шығындар өндіруі тиіс.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.