Сүйіктісіне ұрланған гүл сыйлаған жігіт жауапқа тартылды
Астанадағы романтикалық оқиға күтпеген жағдаймен аяқталды. Қаладағы гүл сататын дүкен иесі тәртіп сақшыларына жүгініп, құнды гүл шоғының ұрланғаны туралы шағымданған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу гүл жеткізушінің Hyundai Elantra көлігіне кіріп, бағалы екі гүл шоғын алып кеткен.
«Ұрлық кезінде көлік есігі ашық күйінде қалған. Шығын көлемі 100 мың теңгені құрады. Полиция жедел іздестіру шараларының арқасында күдіктіні анықтады. Ол 39 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты», - делінген хабарламада.
Ер адам кінәсін мойындап, гүлдерді сүйіктісімен татуласу үшін ұрлағанын айтты.
Оның айтуынша, сүйіктісімен ұрысып қалғандықтан, кешірім сұрау үшін гүл сыйламақ болған, бірақ ақша тапшылығы осындай әрекетке итермелеген.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.