Тоқаев журналистер ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керектігін жеткізді
БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келе жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент ел тағдырына тікелей әсер ететін маңызды оқиға қарсаңында Парламенттің 8-ші шақырылымы өз жұмысын аяқтайтынын еске салды.
– Қос палатаның бірлескен отырысына міндетті түрде қатысамын: тарихи кезеңде атқарылған жұмысты қорытындылап, ел дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі мақсат-міндеттерге тоқталып өтемін. Біз, Қазақстан халқы жасампаз әрі озық ойлы ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Осы даңғыл жолда берекелі бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды күшейтіп, барлық мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, отандық бұқаралық ақпарат құралдары өздеріне жүктелген жауапты миссияны жоғары деңгейде атқару үшін халықаралық медиа қоғамдастықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тиіс.
– Медиаиндустрия цифрлық дәуірдің сын-қатерлерімен алғашқылардың бірі болып бетпе-бет келді. Осылайша, цифрлық матрицаның – қоғам өміріндегі жаңа санаттың бір бөлігіне айналды. Нарықтың түбегейлі өзгеруі салдарынан жаңалықтар порталы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер алдыңғы қатарға шықты. Мерзімді баспасөз бен телевизия бұрынғы үстемдігінен айырылды. Қазіргі жағдай осындай. Алайда мен «Дәстүрлі медианың дәурені өтті» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артықшылығы – мәселені терең талдап, шолу мен сараптама ұсына алуында. Ақпараттық кеңістікте қарабайыр тақырыптар қаптап, ұсақ-түйекті сөз қылу көбейген заманда сапалы әрі өзекті журналистиканың маңызы еселеп артады. Сондықтан, менің ойымша, дәстүрлі БАҚ қым-қиғаш уақиғалар нөпірінде қоғам үшін ақпарат айдынындағы компас, тіпті идеологиялық бағдар рөлін алдағы уақытта да атқара береді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы журналистердің жалған ақпарат таратуға қарсы күресте атқаратын рөліне тоқталды.
– Заманауи технологиялар цифрлық алаңда алауыздықты әдейі ушықтыратын «ботофермалардың» пайда болуына түрткі болды. Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату, адамды қаралау, өтірікті шындай соғатын қауіпті құбылыс қалыптасты. Оны қазір дипфейк деп атайды. Яғни объективті фактілер эмоцияның көлеңкесінде қалып, қасақана арандатушылық туғызады. Қоғамның ынтымақ-бірлігіне сына қағып, мемлекеттік институттардың атына кір келтіру үшін жасанды интеллект құралдары қолданылады. Танымал тұлғалардың жасанды цифрлық бейнелерін түпнұсқадан ажырату мүмкін емес. Мұндай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады. Сондықтан медиа саласының қызметкерлері жауапкершілік танытып, мемлекеттің аталған гибридті, аса қауіпті қатерлерге төтеп беруіне атсалысуға тиіс. Осы орайда сіздердің еңбектеріңіз орасан, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанда БАҚ қызметіне қажетті жағдай жасалғанын айтты.
– Елімізде пікір алуандығы мен сөз еркіндігі бар, ал цензураға заң жүзінде тыйым салынған. Алайда, сөз бостандығы дегеніміз жүгенсіздікке және тәртіпсіздікке жол беру деген сөз емес. Сондықтан қоғамдық пікірді өздерінің теріс пиғылына пайдаланып, медиа саласында айласын асырғысы келетіндер мына бір қарапайым қағиданы жадында ұстауы қажет: бірде-бір адам шексіз құқық иесі емес. Басқаша айтсақ, өз құқыңды білу және сақтау өзгенің құқын бұзу немесе ар-ожданын таптау деген сөз емес. Алдымызда адамдар жалған ақпараттың жетегінде кетпей, күрішті күрмектен ажыратуы үшін медиасауаттылықты барынша арттыру міндеті тұр. Қоғам қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет, соның ішінде кез келген заңсыз ақпаратты жедел анықтау және бұғаттау жұмысын қолға алу өте маңызды. Біз Заң мен тәртіпке бағынатын ел ретінде құқықтық нигилизмге, әсірешілдікке, яғни, радикализмге және халқымыздың болмысына жат құндылықтарды насихаттау ісіне түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы бүгінгі журналистер ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керектігін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сән-салтанатты өмір мен «жеңіл ақша» культін дәріптеу дұрыс емес деп санайды.
– Өйткені бұл өскелең ұрпақты адастырып, олардың дүниетаным құндылықтары мен өмірлік мұратына теріс ықпал етеді. Жастар медиакеңістіктен ысырапшылдық пен мәнсіз ырду-дырдуға толы алдамшы өмірді емес, керісінше, жасампаз еңбектің, адал табыстың, ішкі мәдениеттің нағыз үлгісін көруі керек. Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: яғни олар шындықты боямасыз көрсететін айна, сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек. Қазір біз біртұтас ұлт болып, өркендеген, заманауи, яғни озық мемлекет құрып жатырмыз. Бірақ бұл – төл құндылықтарымызды ұмыту деген ұғым емес. Біз жұртымызға тән игі қасиеттерді жаңғырта түсуіміз керек. Мұны азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз терең түсінуі қажет. Мәдениеті жоғары елдің әлемдегі мәртебесі де, беделі де биік болары айқын. Ал нағыз мәдениет үйде де, түзде де әдеп сақтау, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстау, басқа адамдарды құрметтеу, сыйлау сияқты қарапайым қағидалардан басталады. Қазақ халқы әдептен аттамаған, әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Жақынына жанашыр көзбен қарап, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған. Біздің шынайы болмысымыз – осы. Сондықтан адамның ар-намысына нұқсан келтіретін, қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген әрекетке жол бермеу қажет. Біз озық ел ретінде қоғамда салт-дәстүрімізге негізделген өркениетті этикалық нормаларды орнықтыра түсуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағыттағы жұмысты күшейту – айрықша маңызы бар міндет. «Қалам елді түзейді» деген сөз бекер айтылмаған. Осы орайда, біз сіздерге – журналистер қауымына зор үміт артамыз. Ақпарат саласының қызметкерлері қашанда ұлт сапасын жақсартатын құндылықтарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет деп санаймын, – деді Президент.