Әуежайдағы коммерциялық алаңдар енді тек конкурс арқылы беріледі
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша әуежайлар аумағында коммерциялық қызметті жүргізу қағидалары өзгертілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кәсіпкерлердің жалдау алаңына қолжетімділігі енді бірыңғай конкурстық шартпен реттеледі. Мұндай қажеттілік Астана қаласында мемлекеттік ресурстардың пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижесінде анықталды.
«Жоғары аудиторлық палата тексеру қорытындысы бойынша Көлік министрлігіне әуежайдың (әуеайлақ) аумағында әуежай қызметіне жатпайтын қызметтер көрсетуге қол жеткізу қағидаларына өзгерістер енгізуді тапсырды. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану объектілері мен азық-түлік сату және багажды орау автоматтары үшін жалға берілетін алаңдардың тек конкурстық негізде берілуін бекітуді тапсырылды», делінеді хабарламада.
Конкурстық іріктеу барлық жалға алушы үшін тең жағдай жасап, қызмет көрсетушілерді негізсіз таңдаудв азайтады және әуежайдың мүлкін пайдалану тиімділігін арттырады. Сонымен қатар ең тиімді ұсынысты таңдау әуежайдың жалға беруден түсетін кірісін арттырады.
Жүргізілген аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата басқа да ұсынымдардың орындалуы бақылауда болатынын хабарлады.