Астанада жыл басынан бері 796 мас жүргізуші ұсталды - рейд
Елорда аумағында «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Шара барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігі мен жол апаттарын алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтуде. Іс-шараның мақсаты – көлік құралдарын масаң күйде басқару деректерін анықтау, құқық бұзушылықтардың жолын кесу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Жыл басынан бері көлік құралын мас күйінде жүргізген 796 құқық бұзушы ұсталды. Жүргізушілердің мас күйінде болуына байланысты 17 жол апаты болды.
Осы бағыттағы кезекті рейдтік іс-шара барысында сағат 14:30 шамасында патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Қонаев көшесінде «Haval» маркалы автокөлікті тоқтатты. Құжаттарды тексеру және жүргізушінің жағдайына назар аудару барысында оның алкогольдік ішімдік тұтынған болуы мүмкін деген күдік туындаған. Медициналық куәландыру нәтижесінде 58 жастағы жүргізуші жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде көлік жүргізгені анықталды. Осылайша ол ҚР Жол қозғалысы қағидаларының 2.12.2-тармағының талаптарын бұзып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Аталған факті бойынша құқық бұзушы 15 тәулікке қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылды.
Полиция департаменті масаң күйде көлік басқару – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылық екенін еске салады. Мұндай жауапсыз әрекеттер ауыр жол-көлік оқиғаларына, адам өлімі мен түрлі дене жарақаттарына әкеп соғуы мүмкін.
«Жолдағы қауіпсіздік – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан өз өміріңіз бен өзгенің тағдырына бейжай қарамай, жол қозғалысы мәдениетін сақтауға және қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындауға шақырамыз», деп ескертті полиция өкілдері.