Мемлекеттік бақылау мен лицензиялау арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға қалай көмектеседі
Арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру - мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы орайда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау енгізілді. Бұл шара қызмет көрсету сапасының бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етуге, қызмет алушылардың қауіпсіздігін қорғауға және мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған. Бұл туралы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Спикердің сөзінше, лицензиялау ұйымдардың белгіленген біліктілік талаптарына, кадрлық қамтамасыз ету, материалдық-техникалық база және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайды. Бұл әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға және әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың құқықтарын қорғауға ықпал етеді.
7 мыңнан астам астаналық лицензияланған ұйымдардан қызмет алады
Бүгінде Астана қаласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 20-дан астам ұйым жұмыс істейді. 1 шілдедегі жағдай бойынша 18 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы лицензия алған, оның ішінде 7 коммуналдық мемлекеттік мекеме және 11 үкіметтік емес ұйым бар.
Жалпы алғанда лицензияланған ұйымдар әртүрлі бағыттағы 34 бөлімше арқылы қызмет көрсетіп, 7,1 мыңнан астам қызмет алушыны әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етуде.
Ең сұранысқа ие бағыттардың бірі – үйде көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер. Жыл басынан бері мұндай көмекпен елорданың 2 мыңнан астам тұрғыны қамтылды.
Лицензиялау ұйымдар жұмысының сапасын арттыруға ықпал етеді
Лицензиялау енгізілген сәттен бастап уәкілетті органға лицензия алу үшін 110-нан астам өтініш келіп түскен.
Құжаттарды қарау барысында заңнама талаптарының жекелеген бұзушылықтары мен сәйкессіздіктері анықталды. Бас тартудың негізгі себептері қатарында қажетті рұқсат құжаттарының болмауы, штаттық нормативтердің сақталмауы, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кемшіліктер, сондай-ақ материалдық-техникалық базаның белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі болды.
Бұл ретте анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін қайта өтініш беру мүмкіндігі заңнамада көзделген. Бұл ұйымдарға өз қызметін белгіленген стандарттарға сәйкестендіріп, заңды негізде жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бақылау күшейтілді
Мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында 2026 жылғы 28 мамырда арнаулы әлеуметтік қызметтер саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері мен тексеру парақтарын реттейтін бірлескен бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Енді тексеру жүргізу кезінде лицензияның болуы және ұйымдардың біліктілік талаптарына сәйкестігі міндетті түрде бағаланады. Бұған дейін тексеру парақтарында лицензияның болуын бақылау қарастырылмағандықтан, қадағалау органдарының мүмкіндіктері шектеулі болған.
Енгізілген өзгерістер әлеуметтік қызмет көрсетушілердің қызметіне неғұрлым тиімді бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл заңнама талаптарының сақталуына және көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Бақылау азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған
Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті Әлеуметтік кодексінің талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Инспекторлардың жұмысы азаматтардың құқықтарын қорғауға және әлеуметтік қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бақылау мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету талаптарының сақталуы мәселелері бойынша жүргізіледі. Меншік нысанына қарамастан ұйымдардың белгіленген стандарттарды сақтауына ерекше назар аударылады. Мұндай тәсіл қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға және қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Бақылау қызметінің қорытындылары
2026 жылдың бес айында Департамент 36 тексеру жүргізіп, олардың барысында заңнама талаптарының 78 бұзушылығы анықталды. Бұзушылықтардың басым бөлігі мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз етпеуге, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету талаптарының сақталмауына байланысты болды. Тексеру нәтижелері бойынша заң бұзушылықтарды жою туралы 14 нұсқама берілді.
Әкімшілік жауапкершілікке бір лауазымды тұлға тартылып, жалпы сомасы 5 млн 119 мың теңгені құрайтын 16 айыппұл салынды. Бақылау іс-шаралары ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Мемлекеттік бақылау – әлеуметтік қызметтер сапасының кепілі
Міндетті лицензиялау мен мемлекеттік бақылауды күшейту арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесінің дамуына ықпал етеді. Бұл шаралар әлеуметтік көмек көрсететін барлық ұйымдарда сапа мен қауіпсіздіктің бірыңғай стандарттарының сақталуын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік бақылау заңнама талаптарының бұзылуын уақытылы анықтап, оларды жоюға мүмкіндік береді. Бұл қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін арттырып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың құқықтарын қорғайды. Нәтижесінде жүйе анағұрлым тиімді, ашық әрі қызмет алушылардың мүдделеріне бағдарланған болады.