Елімізде автокөлік жолдарын жөндеудің жаңа тәсілдері енгізілді
Қазақстанда автокөлік жолдарын орташа жөндеу бойынша нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл өзгерістер бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға және заманауи жол технологияларын енгізуге бағытталған. Өзгерістер суық ресайклирлеу технологиясын кеңінен қолдануды, сондай-ақ қозғалыс қарқыны төмен жолдарда балама жол конструкцияларын пайдалануды қарастырады.
«Бүгінде жергілікті жол желісінің едәуір бөлігі шағын елді мекендерге қызмет көрсетеді, мұндағы қозғалыс қарқыны тәулігіне 200 автокөліктен аз. Мұндай жүктемелерде қымбат тұратын асфальтбетон жабынын орнату көбіне экономикалық тұрғыдан негізсіз. Салыстыру үшін, асфальтбетон жабынын жасау құны өтпелі типтегі жабынның құнынан 1,5–3 есеге артық болуы мүмкін, ал жекелеген ауылдық жолдардағы нақты көлік жүктемесі күрделі конструкцияларды қолдануды талап етпейді», деп хабарлады министрлікте.
Осыған байланысты жаңа нормалар жолдың техникалық санатын өзгертпей, қиыршықтас, шағылтас жабындарын, топырақ стабилизаторларының технологияларын және жол жабының өзге де баламалы конструкцияларын қолдану мүмкіндігін көздейді. Сонымен қатар, суық ресайклирлеу технологиясын қолдану мүмкіндіктері кеңейтілді. Егер бұрын алынған материал жол киімінің негізін жасау үшін ғана пайдаланылса, енді оны жөндеу жұмыстарының кең ауқымында пайдалану мүмкіндігі нормативтік түрде бекітілді.
Суық ресайклирлеу қолданыстағы жол жабынының материалдарын 100% дейін қайта пайдалануға, жаңа инертті материалдар мен битум тұтынуды азайтуға, сондай-ақ жобалау шешімдеріне байланысты жөндеу жұмыстарының құнын 20–40% төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл бюджет қаражатын ұтымды пайдалана отырып, ауылдық елді мекендердің жыл бойы көлік қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін он күн өткен соң күшіне енеді.
Еске салсақ, Астана – Семей – Достық пойызында Starlink интернеті іске қосылды.