Астана – Семей – Достық пойызында Starlink интернеті іске қосылды
Астана – Семей – Достық бағытындағы №121/122 пойызында Starlink технологиясы бойынша спутниктік интернет қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Аталмыш пойыз «Арай транс KZ» компаниясына тиесілі. Бұл — интернет желісіне қосылған алғашқы бағыт.
Технологияны енгізу Kaztechnology инженерлік компаниясының қатысуымен жүзеге асты. Бұл жолаушыларға арналған заманауи сервистерді дамыту жолындағы кезекті маңызды қадам болды.
«Спутник байланыс ұялы телефон байланысы болмаған теміржол учаскелерінде интернетке қосылуды қамтамасыз етеді. Бұл жолаушыларға маршруттың шалғай учаскелерінде де байланыста болуға мүмкіндік береді», делінген хабардламада.
Қосылу үшін пойыздағы Wi-Fi желісін таңдап, авторизациядан өту қажет. Бұл ретте жолаушыларға қосылудың екі нұсқасы бар: WhatsApp және Telegram-да мәтіндік хабар алмасу үшін ақысыз қол жетімділік; интернет-ресурстарға, әлеуметтік желілерге, бейне сервистерге және жұмыс қосымшаларына толық қолжетімділігі бар ақылы тариф.
Төлем жасау үшін Kaspi.kz, Halyk, Apple Pay, Google Pay, Visa және MasterCard банк карталары секілді ыңғайлы әдістерді қолдануға болады.
Мамандар жолаушылар тасымалында заманауи технологияларды енгізу және цифрлық сервистерді дамыту жұмыстары жалғасатынын хабарлады.
Еске салсақ, ҚТЖ пойыздар қозғалысын басқаруда испаниялық цифрлық озық тәжірибені енгізеді.