Елордада «Балақайлар мектебінің» екінші маусымы аяқталды
Астана қаласында болашақ бірінші сынып оқушыларын мектеп өміріне бейімдеуге бағытталған «Балақайлар мектебі» жобасының маусым айындағы кезеңі аяқталды. Жобаның басты мақсаты - баланың балабақшадан немесе үйден мектеп қабырғасына ауысу кезеңіндегі психологиялық және әлеуметтік бейімделуін жеңілдету. Тамыз айының соңына дейін жалғасатын бұл бастама аясында елордадағы 116 мектепті қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Балақайлар мектебі» - мектеп жасына дейінгі балаларды, әсіресе балабақша мен даярлық топтарына бармаған бүлдіршіндерді бастауыш сынып бағдарламасына психологиялық, әлеуметтік және эмоционалдық тұрғыдан дайындауға арналған арнайы жазғы жоба. Жоба үш маусым бойынша (маусым, шілде, тамыз) ұйымдастырылады және ата-аналардың сұранысына негізделеді. Бағдарлама баланың қоршаған ортамен қарым-қатынасын дамытуға және мектеп ережелеріне бой үйретуіне көмектеседі.

Жобаның барысы мен алдағы кезеңдері туралы Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының бастауыш сынып әдіскері Гүлзира Оразбекова өз пікірін білдірді:
«1-26 маусым аралығында өткен алғашқы кезеңде 1441 балақай қамтылды. Оның ішінде 307 бала бұған дейін балабақшаға да, мектепалды даярлық тобына да бармаған. Маусым айында 59 мектеп жұмыс істесе, шілдеде ата-аналар мен балалардың жазғы демалысына байланысты сұраныс азайып, 20-ға жуық мектеп қана қызметін жалғастырады. Ал ең үлкен науқан тамыз айында күтілуде. Бұл уақытта бүкіл 116 мектеп толық қамтылып, мұғалімдер мен балалар үшін ең қызу жұмыс кезеңі басталады. Бұл жоба балалардың жаңа оқу жылына еш қиындықсыз, толық дайын болып келуіне көмектеседі».

Жобаның мектеп ішіндегі тікелей жүзеге асырылу барысы мен оның бағдарламалық құрылымы туралы №72 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Жанна Бакимбаева айтып берді.
«Біз өз мектебімізде 1 маусымнан бастап әр сыныпта 20 баладан тұратын үш топты қабылдадық. Олардың арасында үйден келген 20-ға жуық бала болды. Әдістемелік кеңестің қысқамерзімді жоспарына сай, бағдарлама 4 негізгі бөлімді қамтыды.
«Мен» бөлімі деп аталатын 1-аптада балалар өздері, отбасы және достары туралы мәліметтерін тереңдетті.
«Мектеп» бөлімі деп аталатын 2-аптада оқушылар сынып, спортзал, асхана, кітапхана және мектеп ауласымен танысты.
«Менің әлемім» бөлімі деп аталатын 3-аптада Отан, Астана, ел табиғаты мен атақты тұлғалар туралы ақпарат берілді.
«Мен болашақ жұлдызбын» бөлімі деп аталатын 4-аптада балалар өз өнерлерін паш етіп, салауатты өмір салты мен көпұлтты елдегі татулық құндылықтарын меңгерді.
Жоба аясында көптеген шығармашылық, тұлғалық және тәрбие сағаттары өтті. Оқушылардың ынтасы мен оқуға деген құштарлығы өте жоғары болды. Біз балаларды мектепке бейімдей алдық деп нық сеніммен айта аламын», - деді Жанна Имамадиқызы.

Баласы бірінші сыныпқа баратын елордалық ата-ана жобаның тиімділігін өз тәжірибесімен растады:
«Менің үшінші балам - биыл 1-сыныпқа барады. Алғашқы күні мектеп ғимаратының үлкендігінен оның көзінен қорқыныш пен сенімсіздікті көрдім. Алдыңғы балаларым мұғалімдер қатал болады деп қорқытқан еді. Алайда осы бір ай ішінде қорқыныш сейілді. Қазір ол өзін сенімді ұстайды, жаңа достар тапты. Мұғалімдер балаларды өздеріне баурап ала білді. Мектепке бейімделу өте жақсы өтті, қыркүйекте мектепке еш үрейсіз баратын боламыз», - деп тіл қатты Ұлжан Әбдіғұмарова.
Авторы: Әдемі Сайрамбаева