Енді заңды тіркеусіз неке қиған имамдарға сөгіс беріледі


Жақында Үкімет басшысының орынбасары болып тағайындалған Ермек Көшербаев Мәжіліс депутаттарының Қазақстандағы жалған некелерге қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Вице-премьердің айтуынша, жалған ажырасу жағдайында теріс пайдалану схемаларын болдырмау мақсатында мемлекет кешенді шаралар қабылдап жатыр. Ең бірінші кезекте имамдардың ресми тіркеусіз неке қиюына жауапкершілік күшейтіледі.
«Діни рәсімдер бойынша жасалған неке тіркелген некеге тең келмейді. Имам «неке қию» рәсімін мемлекеттік тіркеусіз өткізілген жағдайда сөгіс түрінде жауапқа тартылады. ҚМДБ ресми тіркеусіз діни неке қиюға жол бермеу және жолын кесу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп халық арасында белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», – деді Ермек Көшербаев.
Вице-премьер Қазақстандағы ажырасу мәселесіне қатысты да мәлімет берді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда ажырасу деңгейі төмендеп келеді. Соңғы 5 жылда елімізде ажырасу санының төмендеуі байқалды (2019 жылы – 59796 ажырасу, 2023 жылы – 40227, 32,7%-ға төмендеу). Бұл ретте, БҰҰ деректеріне сәйкес (2024 жылғы қараша) Қазақстанда ажырасу коэффициенті 2019 жылы 1000 адамға шаққанда 3,23-тен 2023 жылы 2-ге дейін төмендеді.
Басқа елдермен салыстырғанда бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде төмен, сәйкесінше Қазақстан ажырасу деңгейі ең жоғары елдер тізіміне енбейді.