Астанада қайда коньки тебуге болады
Елордада қысқы демалысты көңілді өткізуге арналған түрлі алаңдар бар. Онда қала тұрғындары мен қонақтарына шаңғы теуіп, шанамен сырғанап демалысын тиімді өткізуге мүмкіндіктер қарастырылған. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі қаламызда коньки тебуге арналған мұз айдындары туралы деректерді оқырмандарға ұсынады.
«Сарыарқа» ауданындағы Есіл өзенінде үлкен мұз айдыны орналасқан. Сонымен қатар қалалық алаң мен Бөгенбай батыр даңғылы, 43 мекенжайында мұз айдындары жұмыс істеп тұр. Олар қаланың оң жағалауында тұратын тұрғындар үшін қысқы көңіл күйді сезінуге мүмкіндік береді. Алаңдар керемет безендірілген, тіпті фотоаймақтар да бар. Аудандағы «Көктал» саябағында да отбасылық демалысқа арналған мұз айдыны мен 2 сырғанақ орналасқан. Мұз айдындарына өзіңіздің жабдықтарыңызбен келсеңіз - тегін, сондай-ақ конькиді жалға алуға да болады.
«Байқоңыр» ауданында Ататүрік саябағы мен Жастар сарайы аумағында коньки тебуге болады. Сонымен қатар «Целинный» шағын ауданында да мұз айдыны бар. Ол жерде де конькиді жалға алуға немесе өз жабдығыңызбен келіп, тегін уақыт өткізуге болады.
«Алматы» ауданында Оқушылар сарайы мен Sana Sport спорт кешені алаңдарында коньки тебуге арналған орындар бар. Егер өзіңіздің жабдықтарыңызбен келсеңіз - тегін, сондай-ақ жалға алуға да болады.
«Есіл» ауданында ЭКСПО аумағында екі сырғанақ пен мұз айдыны орналасқан. Мұз айдынының аумағында киім ауыстыратын жылы бөлме, конькиді жалға алу, тамақтану орындары жұмыс істейді.
«Нұра» ауданында қала тұрғындары мен қонақтары үшін 6 мұз айдыны жұмыс істеп тұр. Орталық саябақта, «Астана Арена» стадионы, «Зелёный квартал» тұрғын үй кешені, «Азия Парк» сауда ойын-сауық орталығы, Н. Назарбаев университеті аумақтарында коньки тебуге болады. Конькиді жалға алу сағатына - 2000 теңге. Аудандағы «Үркер» тұрғын алабында коньки тебу арзанырақ, 1 сағаты - 1000 теңге. Аталған орындарда өз жабдығыңыз болса, тегін коньки тебуге болады.