Астанада стенд атудан ел кубогі өтіп жатыр
Астанада стенд атудан Қазақстан кубогінің үшінші кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Байрақты бәсекеге спорттың скит және спортинг түрлері бойынша 100-ден аса спортшы жиналды.
Төрт кезеңнен тұратын Қазақстан кубогінің іріктеу қорытындысы бойынша, күзде мықтылар финалда ең үздіктерін анықтайтын болады.
«Стенд ату – Олимпиада ойындарына кіретін спорт түрі. Жақында ғана аяқталған Париж Олимпиадасында трап жаттығуында Мария Дмитренко финалға сәл ғана жетпей, ТОП-10 спортшының қатарына кірсе, скит бағдарламасында Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко жаңадан қосылған аралас жұптық бәсекеде жүлдеге таласты. Қос спортшы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған. Бұның барлығы елімізде ату спорт түрлері өте жақсы дамығанын көрсетеді», - деді «Спорттық ату түрлерінен Қазақстан федерациясы» ҚБ баспасөз хатшысы Малика Джалилова.
12-18 тамыз аралығындағы турнирге Астана, Алматы, Шымкент қаласы, Түркістан, Павлодар, Қызылорда облысының мергендері қатысып жатыр.
«Қазақстан кубогінің үшінші кезеңі дәстүрлі түрде Астанада өтеді. «Astana Target club» атыс кешені бұған дейін өте жақсы жағдайда болды. Тіпті 2017 жылы бұл кешенде Азия чемпионаты ұйымдастырылып, 40 елден 350-ден астам спортшы қатысқан болатын. Қазіргі уақытта кешен қайта жөнделіп, қалпына келтірілуде. Өкінішке қарай, елордада стенд ату спорты өте нашар дамыған, себебі атыс кешені қаладан алыс орналасқан. Алайда, стендтік ату спорт түрі дамытылатын спорт мектебі жұмыс істейді. Адель Садақбаев Азия жүлдегері атанса, Ангелина Сорокина IV «Азия балалары» халықаралық жарысының жеке сайысында топ жарып, командалық есепте «скит-микс» жаттығуында күміс медаль жеңіп алды.
Осы спорт түрімен айналысу жағынан Алматы мен Шымкент қалалары өте ыңғайлы. Ал Астана қаласындағы жел бұған кедергісін келтіреді. Сонымен қатар ауа райының қаталдығы мен қысының ұзақтығы спортшыларды қалыпты күйде ұстауына тосқауыл болады», - деді Малика Джалилова.
Айта кетейік, айтулы бәсеке 18 тамызда мәресіне жетеді.