Референдум-2026

Астанада 100-ден астам запастағы әскери міндетті оқу-жаттығуға аттанды

Астанада 100-ден астам запастағы әскери міндетті оқу-жаттығуға аттанды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада запастағы әскери міндеттілерді он күндік әскери оқу-жаттығуына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара қаланың Қорғаныс істері жөніндегі департаменті аумағында ұйымдастырылды. Жиынға Астана қаласы аумақтық қорғаныс бригадасына (№99255 әскери бөлім) тіркелген 102 запастағы әскери міндетті шақырылды.

«Оқу-жаттығу №18 жалпы білім беретін мектепте өтеді. Он күн бойы әскери міндеттілер өзінің білімі мен дағдысын жетілдіретін сабақтарға қатысады. Мұндай жиындар жыл сайын көктемде және күзде ұйымдастырылады. Келесі оқу-жаттығу қыркүйек айында өтеді», – деді Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жұмылдыру ресурстарын тағайындау бөлімінің бастығы, майор Нұрғали Мәнкеев.

Салтанатты рәсімге Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілдері мен аумақтық қорғаныс бригадасының қолбасшылығы қатысты. Оқу-жаттығу басталар алдында қатысушыларға алдағы дайындықтың негізгі міндеті, қызметті өткеру тәртібі және әскери тәртіп талаптары түсіндірілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әскери оқу-жаттығу елдің жұмылдыру резервін даярлау жүйесінің маңызды бөлігі. Мұндай іс-шаралар әскери міндеттілердің мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету және Қазақстанның тұтастығын қорғау бойынша міндетті орындауға дайындығын жоғары деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Он күндік оқу-жаттығу барысында қатысушылар өзінің атқаратын лауазымына сәйкес теориялық білімі мен практикалық машықтарын жетілдіреді. Әсіресе, жұмылдыру ресурсын хабардар ету, қабылдау, шақыру және жеткізу мәселесіне ерекше назар аударылады. Командалық құрамдағы офицерлер бөлімшелерді жауынгерлік даярлыққа келтіру кезіндегі іс-қимылды пысықтап, шешім қабылдау және жеке құрамды басқару дағдысын жетілдіреді.

Салтанатты шығарып салу рәсімі командалық құрамның ақжарма тілектерімен аяқталды. Олар қатысушыларға оқу-жаттығуды сәтті аяқтап, жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, елдің қорғаныс қабілетін нығайту жолында әскери білімдері мен кәсіби дағдыларын одан әрі жетілдіруге тілектестік білдірді.